Референдум – ел дамуының баспалдағы
Былтырғы жылдың 5 маусымында Тәуелсіз қазақстанның тарихында маңызды оқиға орын алды. Ол жалпыхалықтық сипат алған Референдум еді. Жалпыхалықтық сипат алды деуімізге себеп дауыс берушілердің қатысу белсенділігі.
Ата заңымызға яғни Конституцияға енгізілетін, ел тағдырына тікелей әсер ететін өзгерістер референдум арқылы жүзеге асырылады. ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина Референдумға халықтың көзқарасы, саяси қадам жасау жолындағы белсенділігі туралы былай дейді.
«Елімізде бұған дейін де Референдум өткізіліп, Ата заңымызға өзгертулер мен толықтырулар енгізілгені мәлім. Бұл жолғы Референдумға халықтың қатысу белсенділігі жоғары болғаны көп жайтты аңғартады. Түсіне білген жанға Референдум – орасан саяси оқиға болып саналады. Тек біздің елде ғана әлемнің дамыған, дамушы елдердің көшін бастаған мемлекеттерде де Референдум өткізіліп келеді. Мысалы, кейінгі жылдары Батыс мемлекеттерінде Референдум 149 мәрте өткізілді. Таяу Шығыс саналатын елдерде де 93 рет Референдум ұйымдастырылды. 2017 жылы Түркия мемлекеті де Референдум өткізіп, болашаққа бағдарын айқындады. Бүгінгі таңда Референдум дамыған елдерде халықтың пікірін айқындайтын саяси институт болып та саналады», — дейді.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың батыл шешім қабылдауының нәтижесінде өткізілген Референдум нәтижесінде өлім жазасына тиым салуды Конституциямен айқындауы да демократиялық бағытты ұстанған мемлекет екенімізді нақтылай түседі. Дегенмен де қоғамда өлім жазасына тиым салу туралы бастамаға пікір қақ жарылды. Қандықол қылмыскерлерді, отанға опасыздық жасау пиғылында қылмысқа барғандарға жасаған қылмысы аса ауыр саналатыны үшін өлім жазасының болмауы қоғамда қылмыстың өршуіне әкеп соғады деп байлам жасағандар да болды. Біздің Конституцияның 1-бабында былай деп жазылған.
«Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары». Мемлекеттің ең құнды қазынасы адам болғандықтан олардың құқығы мен бостандығы айырықша қорғалуы заңдылық. Жоғарыда сөз еткеніміздей, әлемнің бірнеше елдері өлім жазасынан бас тартты, керісінше, кейбір елдерде әлі күнге дейін ең ауыр жаза өлім жазасы бар. Демократияның ошағы деп саналатын АҚШ-тың кейбір штаттарында өлім жазасы қолданылады, ал кей штаттарында қолданылмайды. Әлеуметтанушылар зерттеу жүргізіп, өлім жазасы қолданылатын штаттар мен гумманистік бағытты ұстанып аса ауыр үкім өлім жазасынан бас тартқан штаттарда қылмыс айтарлықтай өспеген. Демек, осыған қарап өлім жазасынан бас тарту қылмысты өршітеді деп байлам жасауға болмайды.
Референдум өткелі бір жыл толды. Не өзгерді? Қандай маңызды өзгерістер орын алды. Мемлекеттік кеңесші, саясаткер Ерлдан Қарин телеграм арнасында Ата заңымызға енгізілген өзгерістердің маңыздылы туралы былай деп жазды.
«Былтыр яғни осыдан тура бір жыл бұрын елімізде дауыс беруші электораттардың 77,18 пайызы республикалық референдум шарасына белсенді түрде қатысып дауыс берді. Соның нәтижесінде Конституцияны өзгерту туралы заң жобасын жақтап дауыс беру келешекке нық қадам деуге болады. Президент, Парламент, сот институттарын реформалауды мұрат тұтқан қадай оң болды. Соның негізінде Президент Қ.Тоқаев 2022 жылдың 16 наурызында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мәлім еткен саяси жаңғыру бағдарламасын Конститутциямен бекітті. Қазақстан қоғамы үшін өте маңызды оқиға саналған Референдум ел дамуының жаңа кезеңге басқанының айқын көрінісі болды. Біздің қоғам бірігудің өзгеше деңгейіне өрлегенін паш етті. Осылайша, конституциялық өзгеріс пен парламент мәжілісі және жергілікті мәслихат сайлаулары саяси жүйенің келбетін қалыптастырғанын нақтылай түсті. Алдағы уақытта да осы бағытпен Президенттің саяси жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары жалғасын табады», — деді мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин.
Аз ғана уақыттың ішінде жүзеге асырылған саяси реформалар ел дамуына серпін берері сөзсіз. Референдум өткізудегі көздеген мақсат та сол болатын.
Сауыт Әшім