Референдум: Президент неге партия мүшесі емес?
Былтыр үшінше мәрте Ата заңға өзгерту енгізу мақсатында жалпыхалықтық референдум өткізілді.
Еліміздің тарихында Референдум бірінше рет 1995 жылы өткізілген еді. Одан кейін екі мәрте өзгертілді. Міне, содан кейін төртінші рет өткізілген Референдумда «Жаңа Қазақстанды» құрудың алғышарттары айқындалды. Әлемде дамыған, көштің алдыңғы легінде келе жатқан өркениетті елдердің жылнамасына көз жүгіртсеңіз, билік қашанда халықтың азат ойлы пікірімен санасқанының нәтижесінде осындай биікке шыққанын бағамдайсыз.
Конституция жалпыхалықтың талқысына ұсынылып, Референдум арқылы енгізілетін өзгертулер елдің ішінде әбден иі қанғанша иленген соң жүзеге асырылды. Төртінші мәрте өткізілген Референдум арқылы Ата заңдағы өзгертулер ел келешегінінің кепілі, Тәуелсіздіктің тұғыры деуге негіз бар. Мысалы, Президенттің ешқандай партияға мүше болмайтындығы. Рас, бұған дейін еліміздегі «Нұр Отан» партиясының Төрағасы лауазымын Тұңғыш президент Н.Назарбаев атқарып келді. Бейресми «билік партиясы» аталып келген «Нұр Отан» Референдумға дейін яғни 2022 жылдың наурыз айында ребрендинг жасап атауын өзгертті. Аты өзгергенмен заты қалды деген пікір де жиі айтылды осы тұста. Атауы өзгергеннен кейін араға екі ай уақыт салып Президент Қасым-Жомарт Тоқаев партия съезінде партия құрамынан шығатынан, төрағалық қызметті Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановқа жүктеген болатын. Референдум арқылы түзетулер енгізілген Конституцияның жаңартылған редакциясында Мемлекет басшысы ешқандай партияға мүше болып қабылданбауы тиіс екендігі енгізілді.
Сонымен қатар Конституциялық Соттың төрағалары мен судьялары, Орталық сайлау комиссиясының төрағалары мен мүшелері, Жоғарғы есеп палатасының төрағалары мен мүшелері, әскери қызметкерлер, ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері ешқандай саяси партияға мүше болмайды.
Осы жылдың наурыз айында кезектен тыс таратылған Парламент Мәжілісінің және облыстық, аудандық мәслихаттың сайлауы өтті. Президент саяси партияға мүше болмайтыны Референдумда айқындалғаннан кейін көп жайт аңғарылды. Референдум еліміздің саяси дамуына тигізген әсерін саясаттанушы Мақсат Жақау былай деп пайымдайды.
«Әрине бұл саяси реформалардың негізінде Президент өзінің жеке бастамасымен «Нұр Отан» кейін атауын «Аманат» деп өзгерткен партияның төрағалығынан бас тартатынын былтыр 16 наурызда Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді. Бұл ерекше бастама болды. Себебі осы уақытқа дейін саяси партиялардың монополиясы 2007 жылдан бастап Мәжілістегі орынның 98 мандатын алған «Нұр Отан» партиясы саяси плюрализмнің тамырына балта шапқандай әсер еткені рас. Міне содан бері Қазақстанның саяси сахнасында, саяси партиялық даму бағытында тек «Нұр Отанның» беделі басым болып көрінгені және шындық. Кей жағдайда бұл партия үкіметтік функцияларды да атқарып жүргендей көрініс берді. Бұл белгілі бір деңгейде өзге партиялардың саяси өсіп жетілуіне белгілі бір дәрежеде шектеу қойғаны, шідер салғаны айқын. Сондықтан да билік құзіретінен оның ішінде Мемлекет басшысынан бастап басқа да лауазымдардың саяси партия мүшелігінен шығып, саяси мүмкіндіктерінен аластату нағыз демократияның, жариялылықтың жақындап келе жатқан үлгісі деп санаймын. Тек осындай жағдайда ғана өзге де партиялардың саяси додаларда мүмкіндікті теңдей алатыны анық.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси партияның мүшелігінен шығып, Төрағалық қызметінен бас тартуы, өзі ғана емес орталық сайлау комиссия төрағасы, басқа да лауазым иелерінің де ешқандай партия мүшесі болмауы қажет екендігін ескертуі саяси аренада партиялардың тынысын тарылтатын кедергі азаятынын айқындай түседі. Сондықтан да «Аманат» партиясы да өзге саяси партиялармен бірдей қызметін атқарады және бұл саяси плюрализмнің, жан-жақты пікірлердің дамуына мүмкіндік береді. Оның ішінде саяси партиялардың өзара бәсекелестікке төтеп бере отырып дамуына мүмкіндік тудырады. Бұл арада ана партия билікті, мына партиядан беделі биік деген көзқарас туындамайды. Егер саяси бағдарламалар аймақтық деңгейде, республикалық масштабта әлеуметтік мәселелерді шешуде, басқа да жайттың түйінін тарқатуда халық қолдауына ие болуы тиіс. Егер сол межеге жетсе, саяси бағдарламаларды сайлаушылардың ұғымына жеткізе ұсынған саяси партия әрине Парламент мінберінде, болмаса биліктің басқа да басқыштарында өздерінің құзіреттерін жүргізуі керек.
Осылайша, өздерінің абырой-беделімен халықтық мәселелерді шешуі тиіс. Міне саяси партияларға осындай тең мүмкіндіктер беріліп отыр. Осы жылыдң көктемінде Парламент мәжілісі мен облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттарға сайлау кезінде көз жеткіздік. Саяси партиялар саяси дода кезіндегі жинаған дауыстарына сай өздерінің мандатын алды. Бұл жақсы үрдіс, нәтижесін келешек көрсетеді, себебі соңғы сайлауға жеті партия қатысты. Алдағы уақытта партиялардың саны одан да көбейе түсетіні белгілі. Қазақстанның тарихында сайлауға саяси партиялардың ең көп қатысқаны 2004 жылғы Мәжіліс пен жергілікті мәслихат сайлауы еді. Сол кезде 12 саяси партия сайлауға өз кандидаттарын қосқан болатын. Міне біз осылайша демократиялық даму динамикасын қайтадан көтеруді қолға алдық. Алдағы уақытта мәслихатқа, Парламентке сайлау болғанда жаңа саяси партиялар тіркеліп бәсекеге қабілеттілігін ұсына беретініне сенімдімін. Негізінен Президенттің Референдум өткізу арқылы осы бағытты ұсынуы өте дұрыс деп санаймын. Осы арқылы мемлекет басшысы саяси плюрализмнің, демократияның дамуына кепіл болуда бейтараптық ұстанымға иек артып отыр. Біз осы демократиялық дамудың даңғыл жолына үмітпен қарауымыз керек. Алдағы уақытта болатын қадау-қадау өзгерістерге жасалған қарышты қадам деп пайымдаған абзал», – дейді саясаттанушы Мақсат Жақау.
Көшім Есімбай