Ресей оппозициясы халықты жаппай шеруге шығуға үндей бастады

22 Қыркүйек 2022

Мобилизация жайлы мәлімдемеден кейін Ресейде ұшақ билеттеріне сұраныс күрт артып, оппозиция халықты жаппай шеруге шығуға үндей бастады.

Сәрсенбі күні Президент Владимир Путин Ресейде Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі алғашқы мобилизацияны жариялады және де ол Украинаның біраз бөлігін аннексиялау жоспарын қолдап, Батысқа Ресейді қорғау үшін ядролық қаруды қолдануға да дайын екенін ескертті.

Осы мәлімдемеден кейін Ресейден кетуге асыққандар көбейіп, Түркия, Армения, Біріккен Араб Әмірліктері тәрізді бағыттарға ұшатын ұшақтарға билеттер дереу сатылып кетті.

Кремль басшысы ерлерді жаппай әскерге шақыру туралы шешімді Ресей армиясы Украинаның солтүстік-шығысынан қуылып, оңтүстікте тұралаған шақта қабылдап отыр.

«Егер еліміздің аумақтық тұтастығына қауіп төнсе, халқымызды қорғау үшін барлық мүмкіндікті пайдаланамыз – бұл бос сандырақ емес. Ресейдің жауап беретін қаруы көп», – дейді Путин таңертең жасаған телевизиялық үндеуінде.

Ресей Қорғаныс министрі ішінара мобилизация бойынша потенциалдық 25 миллион соғысушы арасынан алғашқы әскери тәжірибесі бар 300 000 резервистің қарулы күштер қатарына шақырылатынын хабарлады.

Зеленскийдің баспасөз хатшысы Путиннің мобилизациясын орыс халқы үшін «үлкен трагедия» деп атады.

Ресей оппозициясы халықты Путиннің мобилизация туралы бұйрығына қарсы шеруге шығуға шақырды.

Германия канцлері Олаф Шольц Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеген сөзінде Путин соғыста жеңе алмайтынын мойындағанда ғана «империялық амбицияларынан» бас тартатынын ескертті.

Ресей оппозициясы халықты жаппай шеруге шығуға үндей бастады
Тегтер: