Ресейлік депутатқа қазақстандық әзілкештің әзілі ұнамай қалыпты

8 Шілде 2022

Сабуровтың Украинадағы соғысқа деген көзқарасын білдіруді сұраған Собчакты өз қойылымдарының бірінде «жылқы» деп атағаны депутаттың шамына тиген.

Ресейдегі «Әділетті Ресей – ақиқат үшін» партиясының көшбасшысы Сергей Миронов РФ тергеу комитетін Ксения Собчакты келемеждеуінен кейін қазақстандық әзілкеш Нұрлан Сабуровқа қатысты тексеру жүргізуге шақырды.

Депутатты Сабуровтың Украинадағы соғысқа деген көзқарасын білдіруді сұраған Собчакты өз қойылымдарының бірінде «жылқы» деп атағаны ашуландырған.

«Біздің теледидарда тәрбиеленген Нұрлан Сабуров алдымен АҚШ-қа тур жасады, ондағы көрермендер Украинада арнайы әскери операцияны өткізу туралы сұрақтарымен қойылымдардың шырқын бұзды, содан кейін ол тып-тыныш Ресейге оралады. Қазір біздің елде гастроль өткізіп жүр. Келе салып Ксения Собчакқа шабуыл жасады», – деп жазды ол әлеуметтік желілерде.

Миронов Тергеу комитеті Сабуровтың өнерін тексеріп, қажет болған жағдайда «қатаң түрде жазалауы керек» деп есептейді.

«Ксения Анатольевнаға түрлі көзқарас болуы мүмкін – біреуі ұнатады, біреу ұнатпайды. Бірақ сахнада тұрып оны ашық қорлауға, балағаттауға болмайды. Тергеу комитеті әзілкеш Сабуровтың сөздерін мұқият қадағалап, тексеруі керек. Егер заң бұзушылықтар болса, заң бойынша қатаң жазалансын. Еркінсігені жетер!», – деп қорытындылады депутат.

Ресейлік депутатқа қазақстандық әзілкештің әзілі ұнамай қалыпты
Тегтер: