Роман Скляр John Deere компаниясы өкілдерімен кездесу өткізді

18 Сәуір 2025

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр ТМД елдері мен John Deere компаниясының Орталық Азия бойынша президенті Чаба Лейкомен кездесті.

ҚР Үкіметі
ҚР Үкіметі

Кездесу барысында локализациялау бағдарламасы, сервистік қызметті дамыту, жұмыс орындарын ашу, қазақстандық инженерлерді оқыту, сондай-ақ Қазақстанның техника мен қосалқы бөлшектерді жеткізу бойынша ТМД елдеріне арналған орталық логистика хабына айналу мүмкіндігі талқыланды.

Жоба Қостанай қаласындағы Локализация орталығы базасында жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында өндіріс және қызмет көрсету салаларында 350 жаңа білікті жұмыс орнын ашу көзделген. Инвестиция көлемі шамамен 25 млрд теңгені құрайды. Қазақстандағы ресми дистрибьютор Eurasia Group үш сервистік орталық салуды және дәлме-дәл егіншілік, GPS-навигация, фермерлік шаруашылықтар мен сервистік орталықтарда автоматтандырылған басқару жүйелері сияқты озық технологияларды енгізуді жоспарлап отыр.

Кездесу барысында Роман Скляр жаңа өндірістің іске қосылуы отандық машина жасау саласының дамуы мен ауыл шаруашылығы секторына заманауи технологияларды енгізудегі маңызды қадам екенін атап өтті.

John Deere — ауыл шаруашылығы техникасын өндіру бойынша әлемдік көшбасшы. Қазақстанда оның өнімдерін локализациялау саланың дамуына серпін беретін маңызды кезеңі болады.

John Deere брендімен шығарылатын ауыл шаруашылығы техникасы Қазақстан нарығында өзін бұрыннан сенімді жағынан танытып үлгерді және бірнеше жыл бойы отандық фермерлер арасында үлкен сұранысқа ие болуда. Кейінгі жылдары елімізде агроөнеркәсіптік кешенді индустрияландыруда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіліп, заманауи өндірістерді дамытуға қажетті жағдайлар жасалды. Осыған байланысты John Deere Қазақстан нарығына жаңа мәртебеге ие болды, өз позициясын нығайтып, ауыл шаруашылығына арналған тиімді инновациялық шешімдер ұсынып келеді.

John Deere өндірісін локализациялау Үкіметтің ауылшаруашылық техникасы паркін жаңарту бойынша шараларын нығайтатынын атап өткен жөн.

Тегтер: