Сайлауға деген сенім артып келеді
Халықтың сайлауға қатысу белсенділігі қандай? Биылғы жылдың наурыз айында өткен парламенттік сайлаудың артықшылықтары мен тиімділігі турасында сарапшы Айжан Молдағалиевамен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Биылғы жылдың наурыз айында елімізде үлкен сайлау науқаны өтті. Қандай баға бересіз, нендей артықшылықтары болды? Бірнеше уақыттан кейін қайтадан қолданысқа енгізілген мажоритарлық тәртіптің артықшылықтары қандай болды тарқатып айтсаңыз?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жетінші сайланған ҚР Парламентінің мәжілісін таратып, ҚР Парламенті мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2023 жылғы 19 наурызға тағайындағаны бәрімізге мәлім. Мықты Президент, ықпалды Парламент, тыңдаушы Үкімет деген қағида қалыптастырылып, Парламент те өзгертілді. 2022 жылғы жалпыхалықтық референдумнан кейін мәжіліс сайлауын өткізу тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Нәтижесінде сайлау жүйесі де өзгерді.
Сайлау ерекшеліктерін айта кетсек, осыған дейін елімізде 7 мәжіліс сайлауы өтті. Алғашқы үшеуі аралас жүйемен болса, 2007 жылдан бері депутаттар партиялық тізім бойынша сайланып келді. Биылғы саяси дода жаңа тәртіп бойынша, яғни, бұл жолы сайлау пропорционалды-мажоритарлық жүйе бойынша өтті. Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы тікелей сайланды. Өзгерістер облыс, қалалар, аудандар деңгейінде — мәслихат депутаттарын сайлауда да орын алды. Мысалы, облыста 50-де 50 арақатынаста өтсе, ал аудан-қалалардағы мәслихат депутаттары толығымен тікелей сайланды. Партиялардың Мәжіліске өтуіне қажетті дауыстың төменгі шегі 7-ден 5 пайызға дейін азайды. Сондай-ақ конституциялық реформа аясында саяси партияларды тіркеу рәсімі едәуір жеңілдеді. Оның шегі 4 есеге — 20 мыңнан 5 мың адамға азайды. Аймақтық өкілдіктер саны 600-ден 200 адамға төмендеді.
Сонымен қатар, сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген баған енгізілді. Тағы айта кетерлік, «Біз инклюзивті қоғам құрып жатырмыз. Ерекше қажеттілігі бар тұлғалар әзірге еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде көп емес. Квота бөлінетін азаматтар санатының тізімін кеңейтуді ұсынамын. Онда жастар мен әйелдерден бөлек, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға да квота белгілеу керек», — деп Мемлекет басшысы айтып өткендей, сайлау үдерісіне қоғамның түрлі өкілдерін барынша тарту үшін заңнамаға өзгерістер енгізіліп, депутаттық мандаттың 30 пайызын әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу заң жүзінде бекітілді.
Бүгінде мәжілістің жаңа құрамы 70%-ға жаңартылды. Бұл бүкіл саяси жүйенің жаңару көрсеткіші. Мәжіліс кадрлар сабақтастығын сақтап қалды. Депутаттардың үштен бірінің заң шығару жұмысында тәжірибесі бар. Ал бұл заңдардың сапасын арттыруға тікелей әсер етеді.
– Үгіт насихат жұмыстары қандай қарқынмен жүргізілді деп санайсыз, саяси партиялар мен бір мандаттық округтерден түскен кандидаттар бұрақалық ақпарат құралдарын, ғаламторды, әлеуметтік желілерді белсенді пайдалана алды ма?
– Үгіт-насихат кезеңі ресми жарияланғаннан кейін саяси партиялардың респуб-ли¬калық штабы ашылып, партиялар үгіт-насихат жұмыстарымен өңірлерді аралауға, ал кандидаттар сайлауалды бағдарламаларымен таныстырып, халықтың қордалаған мәселелерін тыңдауға кірісіп кетті. Бүгінгі қарқынды дамып келе жатқан цифрлық ортада халық пен саяси партиялар арасындағы байланыс мүмкіндіктері бұрын-соңды болмаған деңгейде екені айқын.
Өйткені сайлауалды науқан мен кандидаттар туралы ақпарат бұрынғыдан бірнеше есе жылдам әрі оңай таралады. Барлық облыс орталықтары мен мегаполистерде баннерлер ілініп, ақпараттық материалдар қарқынды жарияланып жатты. Үгіт-насихаттық парақшалар мен буклеттер түріндегі басылымдар көптеген үміткерлер арасында танымалдыққа ие. Дегенменен, әлеуметтік медиа бүгінде үгіт-насихаттың негізгі құралдарының бірі. Өйткені, халықтың көп бөлігі әлеуметтік желілерді пайдаланушылар. Сондықтан да әлеуметтік желілерде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу алда тұрғаны түсінікті. Сонымен қатар, интернет пен әлеуметтік желілер құрал ретінде жүйелік науқанды толық алмастыра алмайтынын да атап өткен жөн.
Интернет-белсенділік жеке тұлғаны саясатта, бизнесте және қоғамдық өмірде ілгерілетудегі нақты капиталға айналды. Бір мандаттық округтерден түскен кандидаттар арасында әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін белсенді пайдаланған және пайдаланатындар аз емес. Арнайы технологияларды белсенді әрі дұрыс қолдана отырып, ғаламтор, бұқаралық ақпарат құралдары көмегімен қысқа мерзім ішінде кейбір үміткерлер имиджін қарқынды түрде арттырып, сайлаушылардың сеніміне әлеуетті күшті кандидат ретінде кіре алды.
Қазіргі уақытта әрбір болған үміткер өткізілетін барлық іс-шараларды өзінің әлеуметтік желілердегі жеке парақшасында жариялау үрдісіне айналдырды. Алайда, дайындық кезеңінде қажетті имиджді қалыптастыру және оны медиа кеңістікте насихаттау өте маңызды болған кезде барлық үміткерлер белсенді бола бермейтінін, кандидаттардың өз бағдарламаларын жеткілікті деңгейде насихаттай алмағанын, ақпараттың сайлаушыларға толыққанды жетпегені, олар туралы мәліметтің аз болғаны туралы да ескере кету керек.
– Еліміздің медиа саласы сайлау науқандарын өткізу үдерісіне толыққанды сай, қандай талап қойылса да үдесінен шыға алады деп айта аламыз ба?
– Бұқаралық ақпарат құралдары жалпы қоғамның саяси өмірінің атап айтқанда сайлау процесінің маңызды атрибуттары. Халыққа сайлау туралы ақпаратты кең және қолжетімді түрде жеткізуде, елдің қазіргі және болашақ өміріне байланысты осы процесті еркін және объективті жүргізуде БАҚ маңызды рөл атқарады. Сайлауды жариялауға қатысатын БАҚ өкілдері, журналистер өте маңызды әлеуметтік миссияны атқарып, азаматтардың сайлау компаниялары, қатысатын кандидаттар мен саяси партиялар, олардың бағдарламалары туралы барынша толық, жан-жақты ақпарат алу құқығын іске асыруды қамтамасыз етуге ықпал етуде үлесі орасан зор.
Сайлау сияқты ең маңызды саяси үдерістер БАҚ құралдары үшін кемелдікке, кәсіби мәртебесі мен мақсатына сәйкестікке арналған емтихан түріне айналады. Көріп отырғанымыздай, олар саяси бәсекелестік жағдайында сайлаушыларға оң әсер етудің ерекше мүмкіндігін сәтті және сайлау науқандарын өткізу үдерісіне сай пайдалануда. Қандай да бір талап қойылса да жалған ақпарат пен бұрыс болжамдардың таралуына сенімді тосқауыл бола алатын еліміздің медиа саласының объективті және сыни көзқарасы.
– Стратегиялық зерттеулер институтының аға сарапшысы ретінде осы жылдың көктемінде өткен Парламент Мәжілісі мен жергілікті Мәслихат сайлауларынан қандай ой түйдіңіз?
– Ағымдағы жылда өткен парламенттік сайлау түріндегі кезекті межеден сәтті өтіп, Қазақстандағы жан-жақты жаңғырту жаңа кезеңге өтті.
Елімізді демократияландыру үшін көп нәрсе жасалуда. Әр түрлі билік институттары арасында тепе-теңдік орнатылуда. Сайлау халықты таңдау еркіндігі мен демократия тетіктері қоғамда қалыптасатынын, елімізде қазақстандық сайлаушылардың дауыстары үшін нақты және бәсекелі саяси күрес үшін кең алаң бар екенін көрсетті, сондай-ақ қоғам мен мемлекет арасындағы кері байланыс деңгейінің сапалы кеңеюіне ықпал етті. Мұның бәрі халықтың алдағы барлық өзгерістерге үміттенетінін көрсетеді.
Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы саяси жүйенің трансформациясына және азаматтық қоғамның одан әрі дамуына үстем ықпал ете алады және қазақстандық жолдың табыстылығы, тиімділігі мен сенімділігін қамтамасыз ететін елдің саяси өмірі мен экономикасындағы одан әрі өзгерістердің негізгі маркері мен катализаторы бола алады деген сенім бар.
– Сайлаушылардың, яғни электораттардың саяси науқанға қатысу белсенділігі қандай, бұған дейінгі сайлаулармен салыстырғанда жоғары деген пікір айтылды? Осыған қандай ой айтасыз?
– Егер 1995 жылдан бастап парламенттік сайлауға сайлаушылардың келуіне сүйенсек, 1995 жылы сайлаушылардың 79,8%-ы ең көп дауыс берген, ал 2004 жылғы сайлауда ең төменгі көрсеткіш 45,2% тіркелген.
Биылғы сайлауға қатысқан сайлаушылардың көрсеткіші өте жоғары деп атап өтпесекте, дегенменен, сайлау азаматтарды сайлау алдындағы үдеріске кеңінен тарту арқылы өтті, оған әлеуметтік желілердің жоғары белсенділігі дәлел.
Сайлаушылар мәдениетінің негізгі белгісі оның белсенділігі болып саналады және келу көрсеткіштері әрқашан күтілетін нәтижелерге ие бола бермесе де, жаппай сайлау процестерінің алдын ала қорытындылары тұтастай алғанда елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртусыз табысты экономикалық реформалар мүмкін емес деген іргелі қағидаттың орнықтылығын бекітті.
Бүгінде азаматтық қоғамның әлеуетін пайдаланған жағдайда ғана мүмкін болатын саяси басқару жүйесін жетілдіру бұрынғыдан да маңызды. Азаматтық белсенділік — елдің тұрақты дамуының негізгі қозғаушы күші екенін ұмытпаған жөн. Сайлаушылардың белсенділігі көрсеткендей, ел азаматтары дауыс беру мәселесіне жауапкершілікпен қарады, бұл дегеніміз азаматтар мен билік арасында екіжақты байланыс болуы қажеттігін аңғартады.
Сұхбатты жазып алған Сауыт Әшім