Сайлауға қатысу төмендемесін десек…

7 Маусым 2023

Елімізде өткізіліп жатқан сайлау процестерінің елдің дамуы үдерісіне қосып келе жатқан үлесі туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Электоралды үдерістерді зерттеу бөлімінің аға сарапшысы Қуаныш Сайлаумен сұхбаттасудың сәті түсіп, әңгіме арқауы елдегі болып жатқан саяси реформалар, оның ішінде сайлау процестері туралы өрбіді.

– Осы жылдың наурыз айында өткен сайлау мемлекетті басқарып, өрістетудің жаңа формасын айқындап, қалыптастырады деп айта аламыз ғой?

Сайлауға қатысу төмендемесін десек…

– Жалпы алғанда айта аламыз, алайда мәселе соншалықты қарапайым деп айтуға болмайды. Тек бір оқиға өз бетімен саяси өмірдің жаңартылған форматына әкелетіні екіталай. Наурыз айында өткен парламенттік сайлауды ауқымды саяси үдерістің түйіні ретінде қарастыруға болады. Себебі наурыз айының соңында барлық негізгі билік органдары мандаттарын жаңартып, жаңа сеніммен қызмет атқара бастады. Былтырғы референдумнан бастап биылғы парламенттік сайлауға дейін барлық саяси үдерістерді үлкен кешенді құбылыс ретінде қарастыруымыз керек. Ол билік институттарының жаңғыртылуына, халық тапсырысына сай болуына бағытталған. Парламенттік сайлауды осы тұрғыдан, осындай контекстіде қарастыру қажет.

– «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы толыққанды жүзеге асуы үшін қайтпек керек, қоғам да бұған бейім болуы қажет пе?

– Мемлекет пен азаматтардың арасындағы қарым-қатынастың барынша ашық әрі толымды болуы кез келген саяси қағиданың негізінде тұруы керек. Бұл қағиданың табысты болуы әр билік тармақтарының өзара әрекеттесуі арқылы ғана мүмкін болады. Үкімет Парламентпен, Парламент Үкіметпен жұмыс жасаудың тиімді жолдарын қарастырса, істері оң болады.

Бұл арада азаматтардың басты мақсаты – талқыланып жатқан мәселелер жайлы өз көзқарастарын конструктивті түрде депутаттар мен министрлерге жеткізу. Үкіметте де, Мәжілісте де, Сенатта да азаматтарды қабылдау мүмкіндігі бар екенін ұмытпау керек. Бұл органдардың жанында сан-алуан кеңесші ұйымдар бар, олардың жұмысымен де танысуға болады. Қажет болса, мәселенің масштабына қарай оны ұлттық емес, жергілікті деңгейде көтеру қажет шығар, ондай жағдайда әкімдерге және мәслихаттарға жүгінуге болады. Яғни мемлекеттің халқына қызмет етуін қамтамасыз ету үшін халық өз қажеттіліктерін дауыстауы қажет. Бұл арада «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен қатар жүреді.

– Биыл қайта енгізілген бір мандатты округтер бойынша сайлаудың артықшылықтарын тарқатып айтсаңыз.

– Ең басты артықшылығы – сайлаушылар мен сайланушылар арасында тікелей байланысты нығайту. Кейбір жағдайларда таза пропорционалды жүйеде сайланған депутаттар халықтікінен гөрі өз партияларының мүддесін қорғайды. Ал округтерде сайланатын үміткерлер сайлауда жеңемін десе, ең біріншіден сол округтегі сайлаушылардың үніне құлақ асып, олардың сұраныстарын ескеретін бағдарламамен сайлау додасына шығуы керек.

Бұны біз осы жолы Мәжіліске округтерден өткен депутаттардың мысалында байқай аламыз. Көбі өздерінің депутаттық сауалдарында және жалпы жұмысында өз өңірлерінің мәселелерін Мәжіліс залында көтеріп жатыр, өз өңірлеріне жұмыс сапары бойынша барып жүр.

Әлемдік тәжірибеде мажоритарлық (округтер бойынша), пропорциялық (партиялық тізімдер бойынша) және аралас сайлау жүйелері бар. Алғашқы екеуінің өз кемшіліктері бар. Мажоритарлық жүйеде көбінесе дауыс үлесі мен мандат үлесі сәйкес келмейді. Партия дауыстың 40% алып, депутаттық мандаттың 50% алуы мүмкін. Пропорциялық жүйеде, жоғарыда айтылғандай, партия кандидаттары мен жергілікті сайлаушылар арасында байланыс мықты болмайды. Осы кемшіліктерді аралас жүйе жоққа шығармаса да, барынша азайтады.

– Саяси партия құрып, оны тіркеуде айтарлықтай жеңілдіктер қарастырылып отыр. Бұрынғы талап бойынша бір ғана мысал келтірсек, 20 мың мүше болуы қажет болса, қазіргі таңда төрт есеге қысқартылып саяси партияның кемінде 5 мың мүшесі болуы қажет. Бұдан өзге де қандай басымдықтар беріледі саяси партия құрушыларға?

– Сайлауға қатысатын партиялар үшін Парламентке өту шегі 7%-дан 5%-ға төмендеді, яғни Мәжіліске өту ықтималдығы өсті. Осының арқасында екі партия (ЖСДП мен ҚХП) төменгі палатада фракция құра алды. Бастамашы топ мүшелерінің қажетті саны 30%-ға азайды, енді партия құру үшін 700 мүше қажет.

– Аудандар, облыс, қалалық мәслихаттарға сайлауда тек бір мандатты округтердегі кандидаттарға дауыс берудің тиімділігі қандай болды?

– Облыстық және Алматы, Астана, Шымкент мәслихаттарына депутаттар 50/50 жүйесі бойынша сайланды, тек бір мандатты округтер бойынша депутаттар аудандық деңгейде сайланды. Осындай жүйенің артықшылығы – жергілікті деңгейдегі саясатты жекелендіру (персонализация). Яғни мәслихат депутаттары үгіт-насихат жұмысын тиімді жасаса (бұл деңгейде сайлаушылармен тікелей кездесу әлдеқайда оңай әрі ұтымды), сайлаушылар мәслихатқа сайланған депутаттарын білетін болады. Сонымен қатар, кез келген деңгейде: Мәжіліс болсын, мәслихат болсын, бір мандаттық округтерде императивті мандат бар. Бұл дегеніміз, сайлаушылар жұмысы көңілдерінен шықпаған депутатты қайтарып, оның орнына жаңа депутатты сайлай алады.

– Осы жолғы сайлаудан не түйдік? Халықтың саяси процестерге деген көзқарасы қалыптасып, санасы оянғанын соңғы сайлау айқындап берді деп толыққанды айта аламыз ба?

– Жоқ, себебі осы жолы қолданған сайлау жүйесі әлі де жаңа және келесі сайлау кезеңдері осылай жалғасса, оған сайлаушылар үйренеді. Сонымен қатар, шындықты айтатын болсақ, соңғы жылдары сайлауға, әсіресе парламенттік сайлауға қатысу төмендеп жатыр. 2016 жылы сайлауға қатысу 77% болды, 2021 жылы 63%-ға төмендеп, 2023 жылы тағы 54%-ға түсті. Бұған сан-алуан фактор себепші болуы мүмкін. Дегенмен, сайлаушылардың арасында саяси реформаларға қаныққандық сезіледі, оларға қажеттісі – экономикалық күнделікті жағдайына әсер ететін өзгерістер. Сондықтан да сайланған Мәжіліс пен Сенаттың, жаңадан тағайындалған Үкіметтің алдында үлкен жұмыс тұр және оларға зор жауапкершілік артылып жатыр. Олар өз міндеттерін барынша орындауы тиіс, ал партия мүшелері өз сайлауалды бағдарламаларын жүзеге асыруға күштерін салуы керек.

Сұхбаттасқан Сауыт Әшім 

Тегтер: