ШҚО жолдарында қараша айынан бастап тәулік бойы кезекшілік жүргізіледі
Шығыс Қазақстан облысында қыс мезгіліне дайындық жүргізіліп жатыр.

Жыл сайын Шығыстың қаһарлы қысында жолда қалатын көліктер аз емес. Тіпті 12 сағаттап қар құрсауында қалуға мәжбүр болып жатады.
Енді 1 қарашадан бастап өңірде жолдардағы жағдай, пайдаланылып жатқан техника және төтенше оқиғаларға жедел ден қою бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады. Бұл туралы облыстық Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан мәлім етті.
Күн сайын таңертең жолдардың жай-күйіне қатысты жинақталған ақпарат төтенше жағдайлар қызметіне, полицияға және облыс әкімінің орынбасарына жеткізіліп отырылмақ.
- Жол ұйымдарының, полиция бөлімшелерінің, төтенше жағдайлар қызметінің, қала және аудан әкімдіктерінің іс-қимыл жоспары жасалды. Сондай-ақ барлық жол қызметтерімен, трассалық медициналық-құтқару пункттерімен және ауылдық округ әкімдіктерімен байланыс орнатылған. Өткен қыста үйлесімді жұмыстың арқасында қайғылы оқиғалар болған жоқ, - деді басқарма басшысының орынбасары Нұрбек Тұраров.