СҚО-да 900-ден аса нысан мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген

28 Тамыз 2025

Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында Солтүстік Қазақстан облысында 909 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны толық бейімделді, деп хабарлайды Еңбекмині.

Еңбекмині
Еңбекмині

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы, «Аманат» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.

«Amanat» партиясының жол картасында 2023-2027 жылдар аралығында интерактивті қолжетімділік картасына (бұдан әрі — Карта) енгізілген 42 мыңнан астам нысанды бейімдеу бойынша жұмыс көзделген. Жыл сайын осындай объектілердің 20%-ы бейімделуі тиіс. Осылайша, 2023 жылы — Картадағы объектілердің 20%, 2024 жылы — 40%, 2025 жылы — 60%, 2026 жылы — 80%, 2027 жылы — 100%-ы бейімделеді. Қазіргі уақытта ел бойынша 23611 нысан толықтай бейімделген.

Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысында 909 нысан бейімделді. 2025 жылдың соңына дейін 931 нысанды бейімдеу жоспарланып отыр.

Бейімделген нысандардың жалпы санынан мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін қолжетімділері:

— денсаулық сақтау нысандары– 81;

— білім беру нысандары — 301;

— мәдениет нысандары — 74;

— мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар — 299;

— спорт нысандары — 23;

— әлеуметтік қорғау нысандары — 7;

— көлік инфрақұрылымы нысандары — 10;

— кеңселер — 13;

— сауда нысандары менойын-сауық орталықтары — 92;

— басқада нысандар — 9.

— Қазір ауруханаларға бару да, спортпен айналасу да, белсенді өмір сүру де бұрынғыдан әлдеқайда жеңіл болды. Бұл біз үшін өте маңызды, себебі қоғамның толыққанды мүшесі болып сезінуге және артық кедергілерге тәуелді болмауға мүмкіндік береді, — деп бөлісті Петропавл қаласының тұрғыны, екінші топтағы мүгедектігі бар Арман Ахметов.

Бұдан басқа, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаменті 2025 жылдың басынан бастап профилактикалық бақылау шеңберінде 14 және жоспардан тыс бақылау шеңберінде 26 тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 23 нұсқама енгізілді.

Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай, оларды жою туралы нұсқамалар ғана енгізілетінін атап өту қажет.Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынатын болады.

Тегтер: