СҚО-да алаяқтар екі күнде 3 адамды алдап, 13 млн теңгені қолды етті
Солтүстік Қазақстан облысында соңғы он күн ішінде интернет-алаяқтықтың резонансты үш оқиғасы тіркелді, келген шығын – 13 млн теңге.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, барлық жағдайда алаяқтар телефонға келген SMS-кодты айтуға мәжбүрлеген.
3 маусымда Петропавл қаласының полициясына 25 жастағы тұрғын жүгінді. Алаяқтар оған WhatsApp арқылы хабарласып, өздерін «Қазпошта» қызметкеріміз деп таныстырған. Сәлемдеме жеткізілуін растау үшін келген SMS-кодты айтуын сұраған. Кейін «банк қызметкеріміз» деп тағы хабарласып, оның атына несие ресімделіп жатқанын айтып, бірнеше банктің қосымшаларын жүктеуге және онлайн несие ресімдеуге көндірген. Салдарынан алаяқтардың шотына 2 370 000 теңге аударылған.
4 маусымда Айыртау ауданының полициясына Лавровка ауылының тұрғыны арызданды. Алаяқтар қоңырау соғып, өздерін банк қызметкеріміз деп таныстырған. Олар 69 жастағы әйелді алдап, SMS арқылы келген кодты айтуға, сондай-ақ «вирусқа қарсы бағдарламаны» жүктеуге көндірген. Осыдан кейін телефоны бұғатталып, депозитінен 4 287 000 теңге шешіп алынған.
Сол күні облыс орталығының тұрғыны полицияға жүгінді. Алаяқтар оған байланыс операторы мен банк қызметкеріміз деп хабарласып, SIM-карта мерзімі аяқталуға жақын екенін айтқан. Олар оны алдап, SMS-кодты айтуға мәжбүрлеп, бірнеше банктен онлайн несие ресімдеуге көндірген. Келген шығын 6 457 000 теңге, бұл қаржы бөгде адамдардың атына тіркелген шоттарға аударылған.
- Барлық үш жағдайда да алаяқтар ұқсас әдістерді қолданған. Олар: психологиялық қысым — қорқыныш ұялату, асықтыру, «шұғыл», «сіздің деректеріңіз бұзылып жатыр» деген сөздерді қолдану; танымал ұйымдардың атын пайдалану; қосымша орнатуға және онлайн несие ресімдеуге мәжбүрлеу. Қорғану үшін қоңырау шалушы өзін банк не мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырса да, ақша аудармаңыз; бөгде адамдардың нұсқауы бойынша қосымшаларды орнатпаңыз; банктің ресми сайты арқылы өзіңіз қайта қоңырау шалыңыз, - дейді тәртіп сақшылары.
Жыл басынан облыста 268 интернет-алаяқтық фактісі тіркелді.