СҚО-да зейнетке шыққан мұғалімдерге 38 млн теңгеге жуық өтемақы төленбеген
Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары білім саласындағы қызметкерлердің конституциялық құқықтарын қорғады.

СҚО прокуратурасының мәліметінше, қадағалау органы талдау барысында еңбек заңнамасын өрескел бұзу фактілерін анықтады.
Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Есіл, Жамбыл, М.Жұмабаев, Қызылжар, Шал ақын, Тайынша, Уәлиханов аудандары мен Петропавл қаласындағы жалпы білім беру мекемелері зейнеткерлік жасқа жетіп, жұмыстан шыққан 295 қызметкерге 37,6 млн теңге мөлшерінде өтемақы төлемдерін төлемеген.
Сондай-ақ, Есіл, Ғ.Мүсірепов, Тайынша аудандарында Кодекс талаптарын бұза отырып, 37 мұғалімге біліктілігін арттыру курстарынан өткені үшін 4,3 млн теңге мөлшерінде іссапар шығындары төленбеген.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 25 қызметкерге 4,9 млн теңге көлемінде төлем жасалды.
Қалған қызметкерлер бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Жалпы прокуратура органдары жыл басынан бері 329 қызметкердің конституциялық құқығын қорғады.