Сотталған зейнеткерлерге түрмедегі уақытында зейнетақы төленбеуі мүмкін
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік кодекске сотталған зейнеткерлерге түрмедегі уақытында зейнетақы төлемін тоқтата тұруға негіз болатын норма енгізбекші.

Бұл туралы ведомствоның көпшілік талқылауына шығарған консультативтік құжатында айтылған.
- Әлеуметтік кодекске сәйкес зейнетақылар мен жәрдемақылар Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, сондай-ақ шетелдіктерге ғана беріледі. Зейнетақылар мен жәрдемақыларды белсенді алушыларда тұрақты тіркеудің бар-жоғын мониторингтеу 100 мыңнан астам адамның тіркелмегенін көрсетті.
Бұдан басқа, қолданыстағы заңнама шеңберінде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында стационар жағдайында тұратын адамдар, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жүрген адамдардың зейнетақысы мен жәрдемақылары аталған мекемелердің арнайы шоттарына төленеді.
Бюджет қаражатының нысаналы жұмсалуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұру туралы мәліметтер расталмаған адамдарға зейнетақылар мен жәрдемақылардың (оның ішінде жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, еңбек сіңірген жылдары үшін, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және мемлекеттік жәрдемақыларды) әлеуметтік төлемдерін тоқтата тұру ұсынылады.
Сондай-ақ, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету және аталған санаттағы адамдарды әлеуметтік қамсыздандыруға қосарланған қаржыландыруды болдырмау үшін арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында тұрып жатқан немесе қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтарға зейнетақылар мен жәрдемақыларды төлеуді тоқтата тұру ұсынылады, - деп жазылған консультативтік құжатта..
Министрліктің мәліметі бойынша, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарын ұстау жергілікті бюджеттерге жылына 92 млрд теңгеден астам шығын әкеліп отыр.