Тоқаев: Мұғалім мәртебесін көтеру үшін қажетті жағдайдың бәрін жасаймыз
Баршаға және әркімге тең мүмкіндік беретін мемлекет құру өршіл мұратына қол жеткізуге болады. Бұл туралы елордада өтіп жатқан ұстаздардың республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

– Біз баршаға және әркімге тең мүмкіндік беретін мемлекет құруды мақсат еттік. Бұл өршіл мұратқа қол жеткізуге әбден болады. Қазірдің өзінде Қазақстан қарқынды дамып келе жатқан прогрессивті мемлекет саналады. Өз жастарымыз ғана емес, түрлі елдердің, соның ішінде көрші мемлекеттердің көптеген азаматтары да болашағын Қазақстанмен байланыстырғысы келеді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы халықаралық аренадағы осы абырой-беделімізді бірте-бірте нығайтып, таланттар, жаңашыл идеялар мен инновациялық технологиялар шоғырланатын елге айналуымыз керектігін баса айтты.
– Бүгін бәріміз тұтас ел болып жасап жатқан әрбір қадам, әрбір шешім Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтып, келешегін айқындайды. Билік те, Сіздер де, құрметті ұстаздар, бір мақсат жолында еңбек етіп келеміз, бұл – өскелең ұрпақтың амандығы және жарқын болашағы. Сондықтан, біз алдағы уақытта да мұғалім мәртебесін көтеру үшін қажетті жағдайдың бәрін жасаймыз, - деді Президент.