Топтық су құбырларын дамытуды елді мекендерді дамыту жоспарымен үйлестіре отырып жүргізу қажет
Арнаулы мемлекеттік қордан сумен жабдықтау бойынша 230-ға тарта жобаны іске асыру үшін қосымша 160 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

- Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – өте маңызды міндеттердің бірі. Бұл мәселе Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Қажетті қаражат Республикалық бюджетте көзделген. Сонымен қатар заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару жөніндегі Президент тапсырмасы аясында сумен жабдықтау бойынша 230-ға тарта жобаны іске асыру үшін арнаулы мемлекеттік қордан қосымша 160 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Тұрғындардың өмір сапасы таза ауыз суға тікелей тәуелді. Сондықтан елді мекендерді сумен қамтамасыз ету - Үкіметтің басым міндеттерінің бірі, - деді Үкімет басшысы.
Оның атап өтуінше, климаттың өзгеруі, суды тұтыну көлемінің артуы және су ресурстарының тапшылығы жағдайында заманауи тәсілдер мен үнемдеу технологияларын пайдалану қажет.
- Әсіресе топтық су құбырларын дамытуға айрықша назар аудару керек. Бұл жұмысты елді мекендерді дамыту жоспарларымен үйлестіре отырып жүргізу қажет. Өйткені, кей жағдайларда ауыл ішіндегі желілер дайын болғанмен, су көзіне қол жеткізу мүмкін емес. Немесе керісінше – ауылға дейін су желісі тартылған, алайда ішкі су құбырлары дайын болмай жатады. Сондай-ақ елорда маңындағы ауылдарды бір орталықтан берілетін сумен жабдықтау мәселесіне де назар аударғым келеді. Су ресурстары министрлігі мен Ақмола облысының әкімдігі аталған жұмысты неғұрлым қысқа мерзімде аяқтау шараларын қабылдасын, - деді Премьер-министр.