Түркия Ресей туын іліп алған қазақстандық «Жібек жолы» кемесін ұстады
Ресей басып алған Украинаның Бердянск портынан 7 мың тонна заңсыз астық тиеген «Жібек Жолы» кемесі Түркияның Қарасу портына жеткенде ұсталды.
⠀
Бұл туралы Украинаның Түркиядағы Елшісі Василий Бондарь хабарлаған.
⠀
– Біз Түркия Республикасының билік органдарымен жақсы қарым-қатынастамыз. Қабылданған шешімдер Украина егемендігін бұзу әрекеттерінің алдын алады деп сенемін, – деді Елші.
⠀
Бұған дейін «Жібек Жолы» жүк кемесінің қазақстандық KTZ Express Shipping компаниясына тиесілі екені айтылған болатын. Дегенмен кемені Санкт-Петербургтегі Green Line ЖШҚ жалға алған, әрі кемеде Ресей туы ілініп тұр.
⠀
«Қазақстан темір жолының» түсіндіруі бойынша, «Жібек Жолы» жалға берілген, Green Line ЖШҚ кемені жалға алған иесіне келісім-шарттың уақыты біткенше ешқандай санкцияға түспейтініне кепілдік берген.