Түркістан облысына жұмыс сапары аясында министр Нұржан Нұржігітов өңір тұрғындарымен есептік кездесу өткізді
Түркістан облысына жұмыс сапары аясында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өңір тұрғындарымен есептік кездесу өткізді.
Министр аймақта атқарылып жатқан жұмыстар мен жергілікті су шаруашылығын дамытуға бағытталған алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Қазір облыста ирригациялық каналдарды жөндеу және реконструкциялау бойынша бес жоба іске асырылып жатыр. Бұл шаралар 51 589 гектар егістік алқапқа су жеткізуді жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Шардара ауданында 20 мың гектар жердің мелиорациялық жағдайын арттыру мақсатында «Қызылқұм» ирригациялық-дренаждық жүйесін реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаны аяқтау 2026 жылға жоспарланған.
Түркістан облысының сегіз ауданында тік дренаж жүйесіне жататын 95 ұңғыманы реконструкциялау, 512 ұңғымаға күрделі жөндеу жүргізу және 732 ұңғыманы қайта қосу көзделген. Биыл Шардара өңірінде дренаж жүйелерін жетілдіру бойынша екі жоба аяқталады деп күтіліп отыр. Бұл 44 мың гектар жердің мелиорациялық жағдайын жақсартады.
Жыл соңына дейін Төлеби ауданында «Қарақуыс» су қоймасының құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал 2027 жылы Бәйдібек ауданында «Бәйдібек-ата» су қоймасы пайдалануға беріледі. Сонымен бірге «Боралдай» және «Иқансу» су қоймаларын салуға арналған жобалау-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Бұдан бөлек үш су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 40 гидротехникалық құрылысжайда көпфакторлы зерттеу жоспарланған.
Шардара қаласының тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында топтық су құбырының құрылысы жүріп жатыр. Бұл жоба келесі жылы аяқталады деп күтілуде.
Кездесу барысында тұрғындар министрге каналдарды салу және реконструкциялау, суару суына берілетін субсидиялар, судың «қара нарығымен» күрес және балық шаруашылығына бөлінетін су лимиттерін қайта қарау мәселелері бойынша сұрақтар қойды.
«Өткен вегетация кезеңі ауыл шаруашылығының тиімділігі суды қаншалықты ұқыпты әрі жауапкершілікпен басқара алуымызға тікелей байланысты екенін көрсетті. Бұл тек нақты жоспарлауды ғана емес, сонымен қатар су саласын дамытуда жүйелі көзқарасты талап етеді. Сол себепті біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі – су шаруашылығы инфрақұрылымын жөндеу және жаңғырту. Бүгінде жүзеге асырылып жатқан гидротехникалық нысандарды салу, реконструкциялау және суару жүйелерін автоматтандыру жобалары суды тиімді пайдалануға және оның шығынын азайтуға мүмкіндік береді», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Кездесуден кейін Нұржан Нұржігітов министрліктің департаменттері мен комитеттерінің, сондай-ақ «Қазсушар» РМК-ның Түркістан филиалы мен Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының қатысуымен өңір тұрғындарының ұсыныстары мен өтініштерін талқылау үшін кеңес өткізді.