Уақыт белдеуін зерттеуге 160 млн теңге жұмсалмақ
21 Қараша 2024
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек уақыт белдеуін өзгертудің халық өміріне әсерін зерттеуге қанша қаражат кететінін айтты.
«Үш жылдық зерттеуге өтінім келіп түсті. Бюджеті – 160 млн теңге. Ал шын жағдайда 90-100 млн теңге кететін шығар деп ойлаймын. Өйткені біз конкурс жариялаймыз. Кеше жоғары ғылыми-техникалық комиссияның отырысы өтті. Конкурс жариялаймыз. Ұлттық ғылыми кеңес зерттеудің нақты құнын анықтайды», - деді ол Мәжіліс отырысынан кейін журналистердің сұрағына берген жауабында.
Министр зерттеуге өз министрлігі қай тұрғыдан атсалысатынын айтты.
«Зерттеудің алгоритмін, егжей-тегжейін білмеймін. Бірақ география, зоология институттары қатысады», - деді Саясат Нұрбек.