Үкімет казиноларды неге Қонаевтан көшіргісі келмейтіні белгілі болды

14 Маусым 2022

Президенттің өзі пәрмен беріп, жуырда Алматы облысын екіге бөлді. Қапшағай қаласын «Қонаев» деп өзгертті. Алматы облысының шенділері артынып-тартынып Қонаевқа көшіп келіп жатыр. Бір қарағанда, бәрі дұрыс сияқты. Бірақ…

«Алматы облысының орталығы Қонаев қаласы болады» дегенді естігенде-ақ «Казиноларды қайтпек керек?» деген сұрақ көкейде тұрды.

Осы ретте атап өтетін жәйт, қазіргі уақытта Алматы облысындағы ойын аймағының локациясын өзгерту мәселесі Үкіметтің күн тәртібінде тұрған жоқ.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша, 2021 жылы казино бюджетке 8,3 млрд теңге салық аударымдарын төлеген.
Қонаев қаласы әкімдігінің деректері бойынша Конаев қаласында орналасқан казинодағы қызметкерлердің жалпы саны шамамен 2,5 мың адамды құрайды.

Сондықтан, осы казиноларды еліміздің басқа аймақтарының біріне көшірген жағдайда қазіргі уақытта орналасқан аймақтың бюджетіне түсетін түсімдердің едәуір қысқаруына алып келеді және осы салада жұмыс істейтін (жұмысқа орналасқан) адамдарды, оның ішінде жергілікті тұрғындар арасынан жаппай жұмыстан шығаруға байланысты қоғамдық резонанс қаупін тудыруы мүмкін».

Қысқасы, жылына 8 млрд теңгеден астам салық төлеп, шамамен 2,5 мың адамды жұмыспен қамтып отырған казиноларды Үкімет жылы орнынан қозғағысы келмейтін сыңайлы. Өйткені салық түсімінен айырылудан және жұмыссыз қалатын мыңдаған адамның наразылығынан қорқады. «Қонаевтың казинолары» деген сүйкімсіз атау да кедергі емес.

Ақорданың не себепті Алматы облысына Марат Сұлтанғазиевті әкелгені енді түсінікті болғандай. Сұлтанғазиев – салықты есептеудің кәнігі маманы. Мемлекеттік кірістер комитетін басқарды, Қаржы вице-министрі болды. Енді ол казинодан түсетін салықты да тиын-тебеніне дейін санап алып отырмақ. Анығында, Ақорда солай деп есептейтін болса керек.

Егер казинолар көшпесе, олардың қожайындарынан бөлек, бүтін бір облыстың бюджетін ұстағандардың да Құдайы берейін деп тұр: күндіз – кеңседе, түнде – казинода…

Үкімет казиноларды неге Қонаевтан көшіргісі келмейтіні белгілі болды
Тегтер: