Үкімет медициналық қызметтердің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастыруға тиіс — Президент

8 Қыркүйек 2025

Түрлі аймақта бой көтерген көпбейінді ауруханаларды бюрократиялық шырғалаңға салмай, пайдалануға беру қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты.

Астана әкімдігі
Астана әкімдігі

— Елімізде медицина нысандары біртіндеп жаңғыртылып жатыр. Ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункттерден бастап мамандандырылған ауруханаларға дейін жаңартылып жатыр. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 540 нысан салынды, осы жылдың соңына дейін тағы 115 нысан пайдалануға берілмек. Ал қалалы жерлерде денсаулық сақтау саласына қатысты бірқатар ірі нысан іске қосылды. Мысалы, Астанада онкология орталығы, Алматыда Жұқпалы аурулардың ғылыми орталығы ашылды, — деді Мемлекет басшысы.

Осы ретте Президент бұған дейін түрлі аймақта бой көтерген көпбейінді ауруханаларды бюрократиялық шырғалаңға салмай, пайдалануға беру қажеттігін баса айтты.

Сондай-ақ мұндай жаңа нысандар салуды жалғастыра берген жөн. Бұл жұмысқа мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмдері аясында жеке инвестицияны да тарту керек. Сонда азаматтар Астанаға көше бермейді. Басқа да бағыттар бойынша жұмыстарды жандандыру керек. Соның ішінде фармацевтика өнеркәсібін дамытуға баса мән берген жөн. Өзімізде жасалатын дәрі-дәрмектің түрі мен санын көбейту — стратегиялық міндет. Бұған, әсіресе, пандемия кезінде әбден көзіміз жетті, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығына және медициналық қызметтерге мониторинг жүргізу ісінің тиімділігіне қатысты мәселелер бар екенін атап өтті.

— Бюджет қаржысы шектеулі кезде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры іс жүзінде бюджетті реттеуші рөлін атқарып отыр. Қор дайын өнім жеткізетін кәсіпорындарға бақылауды күшейткеннің арқасында шығынды көбейтпей ұстап тұр. Үкімет жасанды интеллект технологиясын қолданып, медициналық қызметтердің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастыруға тиіс. Елімізде дәрігердің мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нақты шаралар қабылданып жатыр. Бұл жұмыс өз жалғасын табады, — деді Президент.

Тегтер: