Үкімет шаруаларға түсетін қаржылық жүктемені азайтуды тапсырды

14 Сәуір 2026

Премьер-министр Олжас Бектенов агроөнеркәсіп кешенін қолдау бойынша қосымша шараларды қарастырып, шаруаларға түсетін қаржылық жүктемені азайтуды тапсырды.

Үкімет
Үкімет

Үкімет отырысында Премьер-министр астық тасымалдауға байланысты шығындарды қосымша қаржыландыру қажеттігін атап өтті.

– Шаруаларға қаржылық жүктемені азайту мақсатында Қаржы және Ауыл шаруашылығы министрліктері астық тасымалдауға байланысты шығыстарды қосымша қаржыландыру мәселесін шешуі қажет, – деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар, мал және өсімдік шаруашылығы салалары бойынша қарыздарға кепілдік беру құралын іске қосу үшін Ауыл шаруашылығы, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктеріне және «Бәйтерек» холдингіне қажетті қаражат көздерін қарастыру тапсырылды.

Премьер-министр қаржы ресурстарының қолжетімділігін кеңейту қажеттігін де атап өтті. Осы мақсатта әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы агроөнеркәсіп кешені субъектілерін инвестициялық жобалар мен айналым қаражатын қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы және Ұлттық экономика министрліктеріне Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, екі апта ішінде Үкімет қаулысына тиісті өзгерістер енгізу тапсырылды.

Тегтер: