Ұлымды аңдып жүргендер бар сияқты – Дәулет Тұрлыханов

16 Қазан 2024

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов ұлының басындағы дауға байланысты пікір білдірді.

vesti.kz
vesti.kz

Мәжіліс отырысының алдында журналистер депутаттан ұлының неге даулы оқиға тап бола беретінін сұрады.

«Жас бала туған күнге барған. Үнемі онымен әңгімелесіп тұрамын. Заң бұзуға болмайтынын айтам», - деді Д.Тұрлыханов.

«Яғни, ұлыңыз тыңдамай жүр ме?», - деп сұрады журналист.

Депутат ұлын тәрбиелі бала деп есептейтінін айтады.

«Солай шығар... Айтайын дегенім, қай әке баласын жаман болсын деп тәрбиелейді?.. Қолдан келгенше тәрбие бердік, ақылымды айтып жүрдім. Бала бірақ жақсы, жақсы бала. Бірақ мен үшін бе, білмеймін, баланың артынан аңду бар. Әйтпесе 21-дегі бала. Ертең ол бала жүйкесі тозып, ауру болып кетуі мүмкін. Оған кім жауапты? Айтайын дегенім, балам өте жақсы бала, тәрбиелі. Бүгінгі күні оның артынан аңдып енді... Туған күнге баруға болмай ма? Өзінің жасындағы достарымен араласуға болмай ма? Сол жағы да мен қатты ойландырады», - деді ол.

Депутат ұлының басындағы дау оның депутаттық мандатына әсер етпеуі керек деп есептейтінін жеткізді.

«Мен бірмандаттық округтен сайландым. Мандатымды тапсырам ба, жоқ па, оны сайлаушыларым ғана шеше алады. Бүгінде мен ел азаматы ретінде еліміздің болашағы үшін өте абыроймен жұмыс істеп жатырмын. Менің жұмысыма әріптестерімнен ешқандай сұрақ жоқ», - деді Дәулет Тұрлыханов.

Депутат баласының әрекеттері бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауға негіз бола алмайды деп есептейтінін де айтты.

«21-дегі бала әлі. Енді қалай айтуға болады? Өмірді әлі көрмеген бала. Оны бас бостандығынан не үшін айыру керек ? Сағат кешкі 20.30-да әріптестерімен отырған ғой. Ішіп отырған жоқ ол жерде. Ол бала ішпейді. Өйтіп бірден түрмеге қамайтын болсақ, онда ол дұрыс болмайды. Ол тәрбие емес», - деді депутат.

Сондай-ақ, ол журналистің «Денсаулығына алаңдаймын деп отырсыз. Сонда ол өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін бе?», - деген сұрағына «Бәрі болуы мүмкін», - деп жауап берді.

«Шын айтайын. Күн сайын жазады. Телефонда бәрі жазып жатыр. Біреу жақсы айтса, біреу жаман айтып жатыр. Ол бала да ойланады. Ол балаға жаным ашып жүр. Ұйқысы жоқ», - дейді Мәжіліс депутаты.

Тегтер: