Үлкен қалаларда мектеп салатын қуыс қалмаса да, мешіт пен храм салатын жер табылып жатыр
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи соңғы бірер жылда Ислам дінін жамылған жат ағымдар қоғамның шырқын бұзып, мемлекеттік тұтастыққа ауыз сала бастағанын жеткізді.
«Бір өкініштісі – бұл исламдық секта Қазақстанның біраз аймағында: әсіресе Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау, Алматы өңірінде етек жайып барады. Бұл өңірлердің шағын бизнесін, әсіресе базар саудасы төңірегін уахабшылар – салафизм идеясына табынушылар басып барады. Яғни, теріс сектаның дамуына кеңінен мүмкіндік беріп, жан-жақты жағдай жасап отырған жергілікті билік өкілдері бар деген сөз.
Жасыратыны жоқ, мемлекеттік биліктің өз ішінде де уахабизм мен жат ағымдарды насихаттауды қолдайтын жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер бар деген дерек менің құлағыма жетті. Егер осы сөз қаңқу емес, нақты жағдай осылай болса, онда біздің тәуелсіз мемлекеттігімізге шынында да қатер төнгені», — деді ол.