Ұлттық қауіпсіздік: Қазақстанда қос азаматтыққа қатысты жаза күшейтілмек
Ішкі істер министрлігі елімізде қос азаматтыққа қатысты деректерге жазаны күшейту ұсынысын талқалауға дайын. Бұл туралы ведомство басшысы Ержан Саденов мәлім етті.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Болатбек Нажметдинұлы еліміздің Конституциясында қос азаматтыққа тыйым салынғанын айта келе, алайда еліміздегі кейбір адамдар басқа елдің азаматтығын алғанын жасырып жүргенін еске салды. Осы орайда олар Қазақстан азаматының құқығы мен барлық жеңілдіктерді емін-еркін пайдаланып жүр.
- Қос азаматтығы бар адамдар анықталған жағдайда да жауапкершілік тек айыппұлмен ғана шектеліп жатады... Мен депутат ретінде мұндай деректер бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартуға қатысты бастама көтермекпін. Бұл тұрғыда Ішкі істер министрлігі қолдай ма? - деп сұрады депутат.
Өз кезегінде Ержан Саденов бұл ұсынысты талқылауға дайын екенін айтты.
- Парламент заң қабылдаса, біз жұмыс істеуге дайынбыз. Себебі, заң - бірінші қаруымыз. Дұрыс айтасыз, қос азаматтықты пайдаланып, түрлі криминал да болуы мүмкін. Сондықтан бұл бастаманы талқылауға дайынбыз. Бұл ретте, ұлттық қауіпсіздік мәселесі де бар, - деді министр.