Үшқоңырдағы жүздеген гектар жерге меншік құқығы заңсыз берілген – Мақсат Толықбай

17 Қаңтар 2024

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Үшқоңыр үстіртіне барар жолды мұздай қаруаланған топтың күзетуіне наразылық білдірді.

Үшқоңырдағы жүздеген гектар жерге меншік құқығы заңсыз берілген – Мақсат Толықбай

Бұл ретте ол Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мен Бас прокурор Берік Асыловтың атына сауал жолдады.

«Ел аман, жұрт тынышта «тау-тасты меншіктеп алыпты» дегенді естідіңіздер ме?! Ендеше айтайын. Үшқоңыр деген таудың барын бәріңіз білесіздер. Талайлардың кіндік қаны тамып, тірлігіне арқау болған сол тау бүгінде сай-сала, қырат-жоталарымен түгел бір азаматтың ғана меншігінде. Алматы облысындағы Үшқоңыр үстіртіне барар жолды басынан аяғына дейін мұздай қаруаланған топ күзетеді. Жол жоқ емес, бар. Бірақ жабық. Көзіммен көріп, сол таудың етегіндегі елмен тілдескен соң, депутаттық сауалға арқау болып отыр. Біріншіден, Үшқоңыр Іле Алатау паркіне қарайтындықтан, ол аумақты Ұлттық парктің күзетшілері күзету керек емес пе? Әлде, бұл тау «ДүниеАгро» компаниясына атасынан мұра болып қалған ба? Қыратқа кіреберістен 8 шақырым қашықта орналасқан резиденцияның аумағы ғана қоршалып, шлагбаум қойылса тағы бір сәрі… Ал, жан баласын жуытпай, тауды айналдыра қоршап тастау — барып тұрған бассыздық», — деді М. Толықбай Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, Қарасай ауданының тұрғындары өз жеріне өз малдарын жая алмай отыр. AMANAT партиясы жайылым тапшылығын шешу үшін арнайы «Жер аманаты» комиссиясының тікелей араласуымен республика бойынша 9 миллион гектардан астам жер қайтарылып, ал оның осы аймақтан 1400 гектары ел игіліне берілді.

«Сөйтсек, онымыз бекер екен, «аманаттық» ағайын! Жұртқа қажет жайылым жердің бәрі жаңағы қоршауда қалып қойған. Осылайша жұрттың өз жеріне кірмек түгілі жаңағы қарулы бекеттен өтуге дәті жетпей жүр. Анығы, «ДүниеАгро» ЖШС-іне 2004 жылы «Үшқоңыр» үстіртінде орналасқан жүздеген гектар жерге меншік құқығы заңсыз берілген. Өйткені, заң талаптары бойынша арнайы мақсаттағы жерлерді заңды тұлғалардың жекешелеп алуына құқығы жоқ. Тіпті оны бөлуге де келмейді. Бұл нормаларды жергілікті прокуратура жақсы біледі. Бірақ, жердің заңсыз берілу фактісі бойынша прокуратураның талаптарын сот қанағаттандырмай тастаған. Сорақысы да сол болып тұр. «Сонда Қазақстан Республикасының заңына шекесінен қарайтын бұл не қылған шектен шығу?», – деген халықтың базынасына қалай жауап береміз?! Бұдан басқа, «Үшқоңыр» үстіртінде «Steppe AgroMeat», «Breeding Company» сияқты екі-үш компания 13 597 га жерді әлі күнге дейін мақсатсыз пайдаланып отырғаны анықталды. Шұғыл қайтару керек!», — деді депутат.

Бұл тұрғыда М. Толықбай Алматы облысының Қарасай ауданында болып жатқан заңсыздықтарға Бас прокуратура мен Үкімет шұғыл назар аударып, Арнайы комиссия құрып, жоғарыда аталған мәселелерге тиісті құқықтық баға беруі тиіс екенін айтты.

Тегтер: