Жамбыл облысында 5 мың гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды
Тексеру барысында Меркі ауданында орналасқан жалпы ауданы 5,2 мың гектар болатын, жер телімдері нысаналы мақсатқа сай пайдаланылмай отырғаны анықталды. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі хабарлады.

Өңірде ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша шаралар қабылданды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне қарасты Жамбыл облысының жер ресурстарын басқару департаменті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің біріне қатысты тексеру жүргізді.
Тексеру барысында Меркі ауданында орналасқан жалпы ауданы 5,2 мың гектар болатын, жер телімдері нысаналы мақсатқа сай пайдаланылмай отырғаны анықталды.
Тексеру нәтижесінде жер пайдаланушыға анықталған заң бұзуды жою туралы нұсқама берілді. Алайда белгіленген мерзімде талаптар орындалмағандықтан, департамент жер учаскелерін мәжбүрлеп мемлекет меншігіне қайтару туралы талап арызбен сотқа жүгінді.
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты пайдаланылмай жатқан жерлерді мәжбүрлеп мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім қабылдады.
Іс кейін Жамбыл облыстық сотының апелляциялық алқасында қаралып, жауапкердің шағымы қанағаттандырылмай, бірінші сатыдағы сот шешімі өз күшінде қалды.