Жаңа Конституция – көне заманнан бері бабаларымызға бағдар болған дала заңдарының бүгінгі жалғасы - Президент

17 Наурыз 2026

Ақордада Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдауға арналған салтанатты жиыннан соң сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция – көне заманнан бері бабаларымызға бағдар болған дала заңдарының бүгінгі жалғасы, ұрпақтар арасындағы сабақтастық көрінісі екенін айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Ақорда
Ақорда

- Біз Халық Конституциясын келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді терең сезіне отырып қабылдадық. Ата заң – қуатты, күшті, бәсекеге қабілетті Қазақстанның жаңа Жарғысы. Жаңа Конституция – көне заманнан бері бабаларымызға бағдар болған дала заңдарының бүгінгі жалғасы, ұрпақтар арасындағы сабақтастық көрінісі. Заман талабына сай жаңғырған бас құжат мемлекеттігіміздің сан ғасырлық тарихынан хабар береді, - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Предзидент қазіргі Конституция нағыз Ұлт заңы деген атқа лайық екенін атап өтті.

Оның өне бойында бабаларымыз аманат еткен елдік пен ерлік рухы, салт-дәстүр, жасампаздық және жаңашылдық ұғымдары тоғысқан.

Ата заң – мемлекет мүддесінің болаттай берік қалқаны. Конституциямыздың ең басты мақсаттары – жеріміздің тұтастығын, еліміздің Тәуелсіздігі мен егемендігін қорғауға, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын сақтауға, қоғамдық әділет пен заң үстемдігін нығайтуға кепілдік беру, сондай-ақ білім, ғылым, инновация мен мәдениетті дамыту, тазалықты дәріптеп, табиғатты қорғауды қамтамасыз ету.

Мемлекетіміздің бас құжаты – халық болмысының мызғымас нышаны, берекелі ауызбіршілігіміздің символы.

- Азаматтарымыз таңдаған жаңа Конституция Қазақстанның жаңа дәуіріне жол ашады! Қазақстан – аяғына нық тұрған, халықаралық беделі биік мемлекет. Еліміз ішкі тұрақтылығын сақтап, өзге жұртпен достық қатынас орнатып, зор сеніммен алға қарай қадам басып келеді.

Енді мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түседі. Сондықтан бізге татулық пен достық, сабырлық пен табандылық, жасампаздық пен ұқыптылық, еңбекқорлық пен сенімділік ауадай қажет.

Біздің биік мақсаттарымыз, нақты жоспарларымыз бар. Көп созбай бәріміз осы міндеттерді іске асыруға кірісуіміз керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тегтер: