Жаппай егіс науқаны мамыр айының ортасынан басталады

26 Наурыз 2024

Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.

Жаппай егіс науқаны мамыр айының ортасынан басталады

«Бүгінгі таңда еліміздің оңтүстік өңірлерінде егіс жұмыстары жүргізіліп жатыр. 33,3 мың гектарға дәнді дақылдар, көкөніс, азықтық, майлы (мақсары) дақылдар егілді. Жаппай егіс науқаны осы жылдың мамыр айының екінші онкүндігінде басталады. Көктемгі егіс жұмыстары және вегетациялық кезеңде ауа райы жағдайы маңызды. Сонымен бірге Қазгидрометтің болжамды деректеріне сәйкес, елдің оңтүстігі мен шығысын қоспағанда, республиканың көп аумағындағы ылғал қоры оңтайлы. Фермерлердің қар ұстау жұмыстарын жүргізгенін айта кету керек. Алайда, көктемгі егіс жұмыстарының басына қарай топырақтағы нақты ылғал қоры көктемнің қалай болатынына қарай айқындалатын болады. Сондықтан тұқымдарды таңдау, себу мерзімі, тыңайтқыштарды қолдану, егу алдында топырақты өңдеу және басқа да қажетті іс-шаралардан бастап барлық агротехникалық іс-шаралардың уақтылы және дұрыс жүргізілуіне ерекше назар аудару қажет», — деді Айдарбек Сапаров.

Оның атап өтуінше, маңызды мәселелердің бірі — тұқымдық материалмен қамтамасыз ету. Облыстар әкімдіктерінің жедел деректері бойынша 2024 жылғы егінге 2,4 млн тонна тұқым қажет, Осы жылдың 26 наурызындағы дерекке сәйкес, 97 пайыз тұқымдық материал бар. 

«2024 жылға облыстардың жергілікті бюджеттерінде тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 12,8 млрд теңге көзделген. Сонымен қатар, өңірлерге ауыл шаруашылығы дақылдарының элиталық тұқымдарының үлесі бойынша жоспар жеткізілгенін атап өткен жөн. Ол осы жылы 9,4 пайызды құрады. Осыған байланысты облыстар әкімдіктері бұл мәселені бақылауда ұстауы қажет», — деді министр.

Тегтер: