Жартаста қалып қойған: Құтқарушылар Шымбұлақ маңынан үш жасөспірімді тауып алды
Алматы қаласы маңындағы Шымбұлақ шатқалында жартаста қалып қойған үш жасөспірімді Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары аман-есен эвакуациялады.

Кеше кешке Шымбұлақ маңындағы тауда үш жасөспірім өз бетімен төмен түсе алмай қалған. Жартасты жерде соқпақ жол болмағанымен, геолокация арқылы олардың орналасқан жері анықталып, байланыс үзілмеген.
- Республикалық жедел-құтқару жасағының құрамы Медеу постынан дереу оқиға орнына аттанды. Құтқарушылар координаталар бойынша тауға көтеріліп, арнайы альпинистік құралдардың көмегімен тік жартастардан жасөспірімдерді қауіпсіз жерге түсірді, - делінген ақпаратта.
Құтқарылғандар – 2007 жылы туған екі ұл және 2008 жылы туған бір қыз. Олардың жағдайлары қанағаттанарлық, медициналық көмек қажет болмады.
Кейін жасөспірімдер құтқару постына жеткізіліп, ата-аналарына тапсырылды.
Құтқарушылар таулы жерлерге шыққанда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға кеңес береді.