Жасөспірім 7 қабаттан құлап кете жаздаған кішкентай қызды өлімнен аман алып қалды
Жасөспірім 7 қабаттан құлап кете жаздаған кішкентай қызды өлімнен аман алып қалды.
⠀
Баланы құтқарған 17 жасар елорда тұрғынына мемлекеттік грант пен 3 бөлмелі пәтердің кілті табысталды.
⠀
Оқиға 13 шілде күні кешке елордадағы «Шерқала» тұрғын үй кешенінде болған. 17 жасар қала тұрғыны көршілес орналасқан үйдің терезесінен өтіп, баланы құтқарған.
⠀
Куәгерлердің айтуы бойынша, 2-3 жасар қыз бала 7 қабаттың терезесінен құлап кете жаздады. Кішкентай қызды өлімнен арашалап қалған жасөспірім көпбалалы отбасынан шыққан.
⠀
Бүгін Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов көпқабатты үйдің терезесінен баланы құтқарған қала тұрғыны Есдәулет Дәуітбековпен және оның анасы Әсемгүл Қабдықалықовамен кездесті.
⠀
«Кеше футбол ойнап жүрген қарапайым жасөспірім едім, ал бүгін білім министрлігінде отырмын. Бұл әрекетім үшін мұндай реакция болады деп ойлаған жоқпын», – деді Есдәулет.
Асхат Аймағамбетов Есдәулетке көрсеткен қайсарлығы үшін алғысын білдіріп, өзінен кішілерге көмек беруге және оларды қорғауға дайын болуы еліміздің барлық оқушысы үшін үлгі-өнеге екенін атап өтті.
⠀
«Бізді министр құттықтап, Алматыдағы Нархоз университінде тегін оқуға грант, ал G-park компаниясы 3 бөлмелі пәтердің кілтін берді. Алғысым шексіз», – деді жасөспірімнің анасы Әсемгүл Қабдықалықова.