Жетім балаларды қорғау жүйесіне жаңа талаптар мен бақылау тетіктері енгізілді
Қазақстанда жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар кешенді шешім қабылданды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді.
Ведомство дерегінше, Мемлекет басшысы қол қойған жаңа заң балалардың мүддесін қорғауға бағытталған жүйелі өзгерістерді көздейді және ол 2026 жылғы 4 ақпанда күшіне енеді. Заң нормаларына сәйкес, бала тәрбиесі барысында қамқоршының, қорғаншының немесе асырап алған ата-ананың соттылығы бар екені анықталса, сондай-ақ олардың психикалық немесе наркологиялық диспансерде есепте тұрғаны белгілі болса, мұндай тұлғалар бала тәрбиелеу құқығынан дереу айырылады.
Бұдан бөлек, үстінен қылмыстық іс қозғалған азаматтарға бала асырап алуға, қамқоршы немесе патронат тәрбиеші болуға тыйым салынады.
Жаңа талаптар балаларды ықтимал қауіп-қатерден қорғауға және олардың қауіпсіз ортада тәрбиеленуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар, заңнамаға алғаш рет қамқоршылар, қорғаншылар, патронат тәрбиешілер мен асырап алған ата-аналар үшін жыл сайын сенімділікті растау міндеті енгізілді. Енді олар денсаулық жағдайы, тұрғылықты мекенжайы және соттылығының жоқтығы туралы мәліметтерді тұрақты түрде ұсынуы тиіс. Сондай-ақ, бала алдымен жақын туыстарына, ал ондай мүмкіндік болмаған жағдайда ерлі-зайыпты отбасыларға берілуі тиіс деген тәртіп заңмен нақты бекітілді.
Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова қабылданған өзгерістердің маңызын атап өтті.
— Жетім балалардың құқықтарын қорғау – үнемі жүйелі назарды талап ететін маңызды сала. Биыл қабылданған шаралар қолданыстағы тетіктерді күшейтіп, қамқоршылық органдарының жұмысын баланың мүддесі мен қауіпсіздігін басшылыққа ала отырып ұйымдастыруға мүмкіндік берді, – деді ол.
Биылғы маңызды жаңалықтардың бірі – кәсіби қабылдаушы отбасы институтының енгізілуі. Бұл модель баланың тұрақты тұратын жері анықталғанға дейін оны қауіпсіз әрі отбасылық ортада уақытша тәрбиелеуге бағытталған. Сонымен қатар тәлімгерлік жүйе де дамып келеді. Қазіргі уақытта еліміздің 20 өңірінде 360-тан астам азамат жетім балаларға тәлімгерлік етуде.
2025 жылдан бастап балаларды мемлекеттік мекемелерге орналастыру тәртібі де қайта қаралды. Енді бала анықталған жағдайда, ол алдымен үш күнге дейін медициналық ұйымға жіберіліп, денсаулығы мен қажеттіліктері жан-жақты бағаланады.
Сондай-ақ алғаш рет қамқоршылық органдары үшін нақты штат нормативі бекітілді. Енді әр 5 мың балаға кемінде бір маманнан келуі тиіс. Бұл шешім мамандар санын 3,3 есеге, яғни 303-тен 1028 адамға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Өңірлерде қамқоршылық саласын басқарудың жаңа құрылымдары қалыптастырылып жатыр. Қазіргі таңда Ақтөбе облысы мен Астана қаласында балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқармалар жұмысын бастаған. Алдағы уақытта мұндай бөлімшелер Шымкент қаласында, сондай-ақ Ақмола, Қостанай және Жамбыл облыстарында ашылмақ.
Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда 20 мыңнан астам жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Олардың 82 пайызы отбасылық тәрбие жағдайында өсіп келеді.