Жетісуда тыныштықты бұзған тұрғындар 40 миллион теңгеден астам айыппұл төледі
Жетісу облысында түнгі уақытта тыныштықты бұзған тұрғындар 40 миллион теңгеден астам айыппұл төледі. Бұл қомақты сома өткен жылы тіркелген 3 мыңға жуық заң бұзушылық бойынша өндірілген.
Көбінесе көпқабатты үйлердің тұрғындарынан шағым түседі. Олар беймезгіл уақытта музыканың дауысын шектен асырып, шулы кештер ұйымдастырған, сондай-ақ түнде жөндеу жұмыстарын жүргізген.
Заң талаптарына сәйкес, тыныштық режимі жұмыс күндері сағат 22.00-ден 9.00-ге дейін, демалыс және мереке күндері 23.00-ден 10.00-ге дейін. Осы уақыт аралығында тұрғын жайларда және оған жақын аумақтарда шу шығаруға тыйым салынады.
Биылғы жылдың басынан бері беймезгіл уақытта азаматтардың тыныштығын бұзған 200-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Жетісу облыстық прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің басшысы Мұрат Нұрмұхан белгіленген тәртіпті сақтамау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын түсіндірді.
— Алғаш рет бұзғаны үшін ескерту немесе 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды. Кәсіпкерлік нысандар үшін жаза қатаңырақ, — деді ол.
Прокурор тыныштықты сақтау тек заң талабы ғана емес, көршілер арасындағы өзара сыйластықтың белгісі екенін атап көрсетті. Заңбұзушылықтар анықталған жағдайда азаматтарға 102 нөміріне немесе учаскелік полиция қызметкеріне хабарласу ұсынылады.