Жетісудағы шекаралық аймақ Жаркент қаласы тұрғындарының 65% газға қосылған
Жетісу облысында кезең-кезеңімен газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Көгілдір отын шекаралық аймақ - Панфилов ауданына да жетті.
Атап айтқанда, бүгінгі күні аудан орталығы Жаркент қаласында 7 206 абонент немесе 65%-ы газға қосылған. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың аудан халқымен кездесуі барысында белгілі болды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жалпы Панфилов ауданында 42 елді мекеннің 26-сы газдандыруға жатады.
- Қазіргі таңда Жаркент қаласында, Головацкий және Жерұйық ауылдарында газға қосылу құнының бастапқы 50 мың теңгесін төлеп, қалған бөлігін 10 айға бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Қазандықты тұрғындар өз қаражаты есебінен сатып алады. Сонымен қатар бүгінгі күні 13 ауылға құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу үшін мердігер ұйымдармен келісімшарттар жасалды. Бұл ауылдар - Нәдек, Әулиеағаш, Ақжазық, Ақарал, Ават, Ынтымақ, Сұптай, Сарпылдақ, Қырыққұдық, Ақкент, Керімағаш, Қызылжиде, Аққұдық. Жұмыстар 2025 жылы жүргізіледі, - деді өңір басшысы Б. Исабаев.
Тағы 12 елді мекен, яғни Жиделі, Талды, Алтыүй, Үшарал, Үлкеншыған, Шолақай, Атамекен, Еңбекші, Көктал, Кішішыған, Қорғас, Алмалы ауылдары бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сараптаманың қорытындысы алдағы қараша айында шығады деп жоспарланып отыр.
Осы жобаларды іске асырғаннан кейін ауданның 118 мың тұрғыны немесе 91%-ы 2026 жылы табиғи газға қол жеткізе алады.