Жылдан жылға сайлау заңнамасына қоғамның заманауи талаптарына қатысты өзгерістер енгізілуде

9 Маусым 2023

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы талдау және коммуникациялар бөлімі меңгерушісінің орынбасары  бердібеков Әшім Мешітбайұлымен сұхбатымыз еліміздегі сайлаулар барысы турасында өрбіді. 

Жылдан жылға сайлау заңнамасына қоғамның заманауи талаптарына қатысты өзгерістер енгізілуде

– Қазақстандағы сайлаулардың өту барысы туралы айтып берсеңіз. Биылғы Парламент Мәжілісі мен  жергілікті мәслихатқа сайлау науқаны қалай өтті?

Қазақстан Республикасында соңғы уақытта ұйымдастырылып жатырған сайлау үрдістері Сайлау туралы Конституциялық заңмен көзделген барлық сайлау түрлерін қамтыды. Яғни, бір жылдай мерзім ішінде Республикалық референдум (2022 жылғы 5 маусым), Президент сайлауы (2022 жылғы 20 қараша), Парламент Сенаты (жанама) (2023 жылғы 14 қаңтар) депутаттарының сайлауы, Парламент Мәжілісі (тікелей) және мәслихаттар депутаттарының сайлауы (2023 жылғы 19 наурыз) өтті. Сонымен бірге Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, кенттер мен ауылдар әкімдерінің сайлаулары өтіп жатыр.

Бұл жерде  Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының сайлауы аралас сайлау жүйесі бойынша өткенін атап өту керек.

Халықтың осы сайлауларда дауыс беруі мен олардың қандай да болмасын өрескел наразылықтарсыз өтуі сайлау науқанының заң аясында өткенін және сайлаушылардың өздерінің тиісті таңдауларын жасағанын көрсетті.  

– Биылғы сайлауға жалпы саны жеті партия қатысты. Бұрын-соңды мұндай  көп партиялардың қатысқаны қай  жылғы сайлауда болды, және ол кезде неше партия қатысқан еді?

– Осыған дейін Қазақстанда 2021 жылдың 10 қаңтарында өткізілген Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлауына алты партия («Ақ жол», «Ауыл», «Нұр Отан», «Қазақстанның коммунистік партиясы», ЖСДП және «Бірлік») қатысқан болатын.

Жылдан жылға саяси партиялардың да көбейіп, олардың халық мүддесі үшін баламалы бағдаламалар ұсынып жатқаны қоғам мен мемлекет мүддесі үшін көкейкесті үрдіс екенін айта кету керек.

Еліміздегі сайлау науқанында бірнеше жылдан бері үзіліп қалған мажориторлық жүйе қайта енгізілді, мұның қандай тиімділігі болды?

– Бұның тиімділігін нақты цифрдармен көрсетуге болады. Мәжіліс депутаттығына мажоритарлық жүйе бойынша сынға түсетін үмткерлердің басым бөлігі, яғни 525 кандидат өзін өзі ұсынған. Бұл 29 бірмандаттық округтер бойынша өтініш білдіргендердің 86,21 пайыз құрады. Тіпті тіркелгеннен кейін де статистиканы алсақ, орташа есеппен бір орынға 12 үміткерден аса таласты. Мұның бәрі азаматтардың белсенділігін, саяси бәскенеің қызу өткенін көрсетті.

– Бұл жолғы сайлауға кандидаттарды тізімдеуде, партияларды тіркеуде қандай да бір жеңілдіктер қарастырылды ма?

– Жылдан жылға сайлау заңнамасына қоғамның заманауи талаптарына қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстары жүргізілуде.

Біріншіден, сайлауда кандидаттарды және партиялық тізімдерді тіркеу Cайлау туралы Конституциялық заңының талаптарына сәйкес өткізілді.

Екіншіден, Парламент Мәжілісіне сайлауда тіркеуге саяси партиялардың тізіміндегі әйелдер мен жастарға үшінші санат өкілдері болуы қосылды. Бұл – мүгедектігі бар адамдар. Үш санаттың жалпы квотасы 30 пайыздан кем болмауы керек. Сонымен қатар, бұл норма депутаттық мандатты бөлу кезінде де қолданылды. Санаттағы өкілдердің – әйелдердің, жастардың, мүгедек адамдардың саны жиынтығы бойынша партия алған депутаттық мандаттардың жалпы санының кемінде 30 пайызын құрауға тиіс болды. Атап өту керек, бұл талап толығымен орындалды.

– Былтырғы жылдың маусым айында елімізде Референдум өткізіліп, Ата заңға бірқатар толықтырулар енгізілді. Президент, биліктің басқар сатысындағы өзге де лауазымды тұлғалар ешқандай саяси партияға мүше болмайтындығы айтылды. Және Қ.Тоқаев «Аманат» партиясының мүшелігінен шығып, Төрағалық қызметті Е. Қошановқа тапсырды. Сайлауға қатысқан саяси партияларға бұл айтырлықтар  тең мүмкіндік ұсынатын  шешім деп айтуымызға болады ғой.

– Әрине, бұндай саяси шешім қабылдауға себепші болған Президент бастамасының өзі де Қазақстандағы саяси реформаларды одан әрі жалғастыруға қатысты оның үлкен табандылығы пен батылдығын көрсетті. Расында да бұл сайлауға қатысқан саяси партияларға айтырлықтар тең мүмкіндік ұсынатын  шешім деп айтуымызға болады. Енді олардың халық мүддесіне ұштастырылған көкейукесті бағдарламалар қабылдауы мен нақты әлеуметтік, экономикалық және қаржылық проблемалардың оңтайлы шешімін табылуы тиіс.

– Сұрақтарымызға жауап бергеніңізге алғыс айтамыз.

Сұхбаттасқан Сауыт Әшім

Тегтер: