508 млн теңгенің валютасын шетелге жасырын алып өтпек болғандар ұсталды
10 күн ішінде Қазақстан шекарашылары шетелге 508 млн теңгеден астам декларацияланбаған валютаны алып өтудің 59 әрекетін тоқтатты.
Соның ішінде «Қордай» өткізу пунктінде 200 мың долларды жасырын алып өтпек болған шетелдік анықталды. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі мәлім етті.
— Тек биылғы жылдың 16-25 қарашасы аралығында өткізу пункттерінде шекарашылар жалпы сомасы 508 млн теңгеден асатын декларацияланбаған валютаны алып өтудің 59 әрекетінің жолын кесті, — делінген хабарламада.
Атап айтқанда, 18 қарашада Ақтөбе облысындағы шекарада ҚР азаматының багажынан 4 441 500 рубль (баламасы — шамамен 23 млн теңге)мөлшерінде ақша қаражаты табылды.
Сондай-ақ 23 қарашада «Қордай» өткізу пунктінде 200 000 АҚШ долларын (баламасы — шамамен 91 млн теңге) жасырын түрде алып өтпек болған шетелдік анықталды.
Аталған фактілер бойынша материалдар процестік шешім қабылдауыүшін тергеулігі бойынша құзыретті органға берілді.
ҰҚК Шекара қызметі республика аумағынан тыс жерлерге ҚР заңнамасында белгіленген сомадан (10 мың АҚШ долларынан аспайтын) жоғары қолма-қол ақша қаражатын әкетуге тыйым салынғанын еске салады.