Абайды ұлықтау, экология және отандық өндіріс: партиялар 10 тамызда сайлаушыларға не ұсынды
Абай күні сайлауалды күн тәртібіне мәдени мұра мен қоғамдық бірегейлікті қалыптастыратын құндылықтарға қатысты жаңа мазмұн қосты.
Сонымен қатар партиялар тұрғындармен және кәсіпорын ұжымдарымен кездесіп, экология, өндірісті дамыту, инфрақұрылым, әлеуметтік мәселелер мен еңбек жағдайларын талқылады.
«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабының басшысы Айбек Дәдебай бастаған топ Абай облысының тұрғындарымен кездесті. Сапар бағдарламасы Семейдегі Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Тұрғындармен кездесуде кандидаттар тұрғын үйдің қолжетімділігі, жеңілдетілген ипотекалық несие беруді дамыту, медициналық көмектің сапасын арттыру, азық-түлік импортына тәуелділікті азайту, сондай-ақ қазақстандықтарды жасанды интеллект технологияларымен жұмыс істеуге дайындау мәселелерін талқылады. Өз кезегінде облыс тұрғындары өңірдегі ең өзекті мәселелерді, атап айтқанда, жылу және су құбырлары желілерінің тозуын, Семей ядролық полигонындағы сынақтардан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау мәселелерін, ғылымды дамыту және инфрақұрылымды жаңғырту қажеттігін көтерді. Кездесу соңында партияның жаңа мүшелеріне партиялық билеттер табысталды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Астанада «Гендерлік теңдік – шынайы демократия» атты республикалық сайлауалды форумын өткізді. Талқылауға партиядан Құрылтай депутаттығына кандидаттар, гендерлік саясат саласындағы сарапшылар, ҮЕҰ өкілдері және көпбалалы аналар қатысты. Партия төрағасы Асхат Рахимжанов сайлауда қолданылатын гендерлік квота мен ерлер мен әйелдердің еңбекақысындағы айырмашылық туралы айтып, партияның тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң және «PANA» партиялық жобасы бойынша жүргізіп жатқан жұмысына тоқталды.
«Байтақ» партиясы Өскеменде кандидат Алмаз Джакишевтің бастамасымен сенбілік өткізді. Қатысушылар Ертіс өзенінің жағалауы мен Куленовка су қорғау аймағынан 140 қап қоқыс жинады. Алакөл мемлекеттік табиғи қорығында табиғатты қорғау, биоалуантүрлілік және экологиялық туризмді дамыту мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті. Ақтөбе облысында кандидат Айман Сексенова Сарыжар ауылының тұрғындарымен кездесті. Ал Маңғыстау облысында партия өкілдері «Қазақстан темір жолы» кәсіпорнының қызметкерлерімен кездесіп, еңбек жағдайы, еңбекақы және медициналық қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Қазақстан халық партиясы бірнеше бағыт бойынша іс-шаралар өткізді. Кандидаттар Әлімбек Ағибаев пен Евгений Миронов Теренкөл ауданының орталық аудандық ауруханасының ұжымымен кездесіп, медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайы мен ауылдық жерлердегі медициналық көмектің қолжетімділігін талқылады. Риддерде партия өкілдері «Фирма Эталон» жол-құрылыс кәсіпорнының еңбек ұжымымен кездесті. Күннің тағы бір маңызды оқиғасы – партияның сайлауалды бағдарламасындағы 19 міндетке арналған «Халықтық траверс» жобасы аясында қазақстандық альпинистердің Іле Алатауындағы 19 шыңға көтерілуі болды.
«Ауыл» партиясы Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарын ұйымдастырды. Онда кәсіпорын өкілдерімен, экологтармен, ҮЕҰ және ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарымен кездесулер өтті. Инфрақұрылым, әлеуметтік сала, экологиялық қауіпсіздік және ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды. Құрылтай депутаттығына кандидат Алмас Мұхаметов азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ғылыми ортаның рөліне арналған дөңгелек үстелде сөз сөйледі.
«Ақ жол» батыс және солтүстік өңірлердегі сайлауалды кездесулерін жалғастырды. Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданынан Астанаға велосипедпен келген мұғалім Асылбек Айболатов Ақтөбе, Қостанай және Ақмола облыстары арқылы жүріп өткен. Жол бойында ол елді мекен тұрғындарымен кездесіп, олардың өтініш-тілектерін жинап, партия басшылығына табыстады. Сапар қорытындысы бойынша Асылбек Айболатов партия қатарына қабылданды. Маңғыстау облысында Бейнеу аудандық мәслихатының депутаты Райымбек Түзелов бастаған үгіт тобы Сарға ауылының тұрғындарымен кездесті.
«Respublica» партиясының Айдарбек Қожаназаров бастаған республикалық үгіт тобы Маңғыстау облысына барды. Ақтауда кандидаттар OPTIMUM жобалау институтына, «WEST HIM TECHNOLOGY» ЖШС өндірістік цехына және Маңғыстау өңірлік электр желілік компаниясына барып, бизнесті және отандық өндірісті дамыту мәселелерін талқылады. Талдықорғанда партия штабы «Ажар» тігін фабрикасының қызметкерлерімен және «Алматинские краски» ЖШС жұмысшыларымен кездесті. Кездесулерде еңбекақы, еңбек жағдайы, импорттық шикізатқа тәуелділік және мемлекеттік сатып алуларға қол жеткізу мәселелері сөз болды.