Қазақстан Халықаралық гуманитарлық құқық жөніндегі жаһандық диалогқа қатысты

4 Қараша 2026

Қазақстан Женевада өтіп жатқан Халықаралық гуманитарлық құқық (ХГҚ) жөніндегі жаһандық диалогқа қатысуда.

СІМ
Фото: СІМ

Іс-шараны Швейцарияның Федералдық сыртқы істер департаменті Халықаралық Қызыл Крест комитетімен (ХҚКК) бірлесіп, ХГҚ-ны сақтауға саяси бейілділікті нығайту жөніндегі Жаһандық бастама аясында ұйымдастырды.

Қазақстандық делегация атынан БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Ержан Қазыхан қатысты.

Диалогқа 100-ден астам мемлекеттің, халықаралық және гуманитарлық ұйымдардың, академиялық қауымдастық пен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Қазақстан тарапы өз сөзінде халықаралық гуманитарлық құқықтың сақталуын қарулы қақтығыстар кезінде ғана емес, олар басталардан әлдеқайда бұрын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Ол үшін ХГҚ-ны іске асырудың ұлттық тетіктерін дәйекті түрде нығайту, оның нормаларын әскери даярлық бағдарламалары мен нұсқаулықтарға енгізу, мемлекеттік органдар мен әскери қызметшілердің осы саладағы хабардарлығын арттыру қажет.

Талқылау барысында Жаһандық бастаманың жеті тақырыптық бағыты бойынша әзірленген, ХГҚ-ның қолданыстағы нормаларының неғұрлым тиімді сақталуын қамтамасыз етуге арналған практикалық ұсынымдарға баса назар аударылды. Атап айтқанда, қатысушылар азаматтық халық пен аса маңызды инфрақұрылымды қорғау мәселелерін, сондай-ақ қарулы қақтығыстарда жаңа технологияларды қолдануға байланысты туындайтын және бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін сын-қатерлерді талқылады.

Келесі маңызды кезең 2026 жылғы 7 желтоқсанда Амманда (Иордания) өтетін «Соғыс кезіндегі адамгершілік» атты жоғары деңгейдегі конференция болмақ. Конференция қол жеткізілген уағдаластықтарды жоғары саяси деңгейде бекітуге және мемлекеттердің халықаралық гуманитарлық құқықты сақтау жөніндегі нақты іс-қимылдарына жаңа серпін беруге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Тегтер: