Алматы облысында су тасқыны кезеңіне дайындық қарқынды жүргізіліп жатыр
Вегетация және су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында «Қазсушар» РМК-ның «Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы» филиалы өз қарауындағы су шаруашылығы нысандарында жөндеу жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Су ресурстары және ирригация министрлігі.
2025 жылы Бартоғай су қоймасында конустық ысырмалар жөнделіп, резеңке тығыздағыштар ауыстырылды. Үлкен Алматы каналының бас торабында және Шелек су торабында бұрандалы көтергіштер мен болат арқандар жаңартылды. Күрті су қоймасында бөгеттің жоғарғы еңісі бетонмен қапталды. Тасқұтан су көтеру бөгетінде каналдар арасындағы аумақтарға топырақ төселді. Сондай-ақ Бартоғай су қоймасы, Үлкен Алматы каналының бас торабы және Шелек су торабы маңындағы Шелек өзенінің арнасы тазартылды.
Су тасқыны кезеңіне дайындық аясында биыл Күрті өзенінің жағалау бөлігі бекітілді. Қазіргі таңда «Қорам» магистральдық каналында механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жыл соңына дейін Бартоғай су қоймасында конустық ысырмаларды жөндеу және резеңке тығыздағыштарды ауыстыру, Шелек су торабында бұрандалы көтергішті жаңарту, сондай-ақ Бартоғай су қоймасы, Үлкен Алматы каналының бас торабы және Шелек су торабы маңындағы Шелек өзенінің арнасын тазалау жоспарланған.
— Қазір филиал қарауындағы барлық нысан штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Су шаруашылығы жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр. Су тасқынына қарсы іс-шараларға қажетті жанар-жағармай және инертті материалдар қоры дайындалды. Сонымен қатар экскаваторлар, тиегіштер және жүк самосвалдарын қоса алғанда 18 техника әзірленді, — деді «Қазсушар» РМК-ның «Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы» филиалының директоры Қайрат Бисембаев.