Coventry University Kazakhstan студенттері Enactus World Cup 2026 халықаралық байқауында марапатқа ие болды
Бұл – университет тарихындағы алғашқы халықаралық марапат.
Астанадағы Coventry University Kazakhstan университетінің Enactus CUK студенттік командасы Бразилияның Сан-Паулу қаласында өткен Enactus World Cup 2026 халықаралық байқауында «Best Human-Centered Solution» («Адамдардың қажеттіліктеріне негізделген үздік шешім») марапатын иеленді.
Байқауда 30-дан астам елдің студенттік командалары өз жобаларын таныстырды. Қазақстан атынан қатысқан Enactus CUK командасы бастапқы даму сатысындағы жобалар бағаланатын Early-Stage League лигасында бақ сынады.
Студенттер қазылар алқасына фермерлерге арналған Nomad Onim жобасын ұсынды. Жоба фермерлердің кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға арналған білім беру платформасы мен табиғи өнімдерді онлайн сату арнасын біріктіреді. Бастама жергілікті өндірушілерді қолдауға және олардың өнімдерін нарыққа шығару мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Жоба Harvest Group және Aitas Group компанияларының қолдауымен әзірленді.
«Қазылар алқасы студенттеріміздің жұмысын жоғары бағалады. Бұл марапат олардың агросекторда жастар кәсіпкерлігін дамытуға қосқан үлесінің мойындалуы болды», – деді Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дәуленов.
Университеттің Студенттерді қолдау және қызмет көрсету бөлімінің басшысы Манджу Этертонның айтуынша, команда Nomad Onim жобасын екі жыл бойы әзірлеген.
«Олардың Қазақстанның дамуына үлес қосуға деген ұмтылысын өз көзіммен көрдім», – деді Манджу Этертон.