Damumed арқылы айласын асырған: Алматы облысында стоматология 66 млн теңге жымқырған
ҚМА Алматы облысы бойынша департаменті тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында стоматологиялық қызмет көрсету кезінде жасалған алаяқтық дерегі бойынша тергеп-тексеруді аяқтады.
Ведомство дерегіне сәйкес жеке стоматологиялық клиникаларының директоры Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры КЕАҚ-пен жалпы сомасы 450 млн теңгеден асатын медициналық қызметтерді сатып алу туралы шарттар жасасқан.
Шарт талаптарына сәйкес клиникалар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде азаматтарға шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсетуге міндеттенген. Алайда күдікті медициналық ақпараттық «Damumed» жүйесіне ортодонтиялық қызметтер көрсетілгені туралы жалған мәліметтер енгізуді ұйымдастырған. Нақтысында аталған медициналық қызметтер пациенттерге көрсетілмеген.
— Заңсыз әрекеттеріне заңдылық сипат беру мақсатында күдікті дәрігерлердің есептік жазбаларын, сондай-ақ клиникаларға бұрын жүгінген кәмелетке толмаған пациенттердің жеке деректерін рұқсатсыз пайдаланған. Нәтижесінде ортодонтиялық көмек көрсетудің 4 597 расталмаған жағдайы анықталды. Келтірілген залал сомасы 66 млн теңгені құрады. Сот санкциясымен банктік шоттардағы 23 млн теңге көлеміндегі қаражатқа, сондай-ақ құны 29 млн теңгеге стоматологиялық жабдықтарға тыйым салынды. Тергеу барысында күдікті 11 млн теңге көлемінде залалды өтеген. Оған қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды, — деді ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан.