Қазақстан авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тергеу саласында ИКАО-мен ынтымақтастықты нығайтуда

Шілде 8, 2026, 7:49 Т.Қ.

Канаданың Монреаль қаласында қазақстандық делегацияның Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) Бас хатшысының міндетін атқарушы, ИКАО Әуе көлігі бюросының (ATB) директоры Мұхамед Рахмамен кездесуі өтті.

Фото: gov.kz

Қазақстандық делегация құрамына Қазақстан Республикасының ИКАО жанындағы Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаментінің директоры Нұржан Малаев, «Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексеру орталығы» АҚ (бұдан әрі – Орталық) Басқарма төрағасы Дархан Қатышев, сондай-ақ Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен «Қазаэронавигация» РМК өкілдері кірді.

ИКАО делегациясының құрамында ИКАО Аэронавигация бюросының (ANB) аэронавигация және ұшу қауіпсіздігі жөніндегі директордың орынбасары Паскаль Лучиани, ИКАО ANB мониторинг, қадағалау және үйлестіру жөніндегі директордың орынбасары Серкан Симитчиоғлу, ИКАО Әлеуетті дамыту және енгізу бюросы директорының орынбасары Мигель Марин, сондай-ақ ИКАО хатшылығының қызметкерлері болды.

Кездесу барысында қазақстандық делегация жаңадан құрылған Орталықтың қызметі мен алдағыдаму жоспарларын таныстырды.

Орталық – ТМД мемлекеттері арасында ИКАО-ның халықаралық стандарттары мен ұсынылатын практикасына сәйкес авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексеру үшін құрылған алғашқы мамандандырылған органдардың бірі.

Кездесу қорытындысы бойынша Орталық пен ИКАО арасында Қазақстандағы авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексеру жөніндегі жаңа органның институционалдық әлеуетін нығайтуға бағытталған келісімге қол қойылды.

Келісім тергеу органының техникалық әлеуетін арттыруға бағытталған кешенді іс-шараларды іске асыруды көздейді. Жоба аясында ИКАО-ның білікті сарапшылары Орталықтың қолданыстағы мүмкіндіктеріне бағалау жүргізіп, тергеушілерді даярлау қажеттіліктеріне талдау жасайды және зертхананы заманауи жабдықтармен әрітехникалық ресурстармен қамтамасыз ету бойынша ұсынымдар әзірлейді. Сондай-ақ ИКАО аудиті барысында анықталған ескертулерді жоюға және авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексерудің ұлттық жүйесін одан әрі жетілдіруге ерекше назар аударылады.

Орталықтың ИКАО-мен бірлескен жұмысы ұшу қауіпсіздігі деңгейін арттыруға, тергеп-тексерудің заманауи әдістері мен технологияларын енгізуге, материалдық-техникалық базаны нығайтуға және халықаралық авиациялық қоғамдастықпен ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді.

Орталық алдағы уақытта да халықаралық стандарттарды енгізу, тергеушілердің кәсіби құзыреттерін арттыру және авиациялық оқиғалармен инциденттерді тергеудің заманауи ұлттық жүйесін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.

Теги: