Қазақстан Халық кеңесінің мүшелері қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қаржылай көмек көрсетеді
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Шахмұрат Мүтәліп пен Гаджи Гаджиев Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек көрсететіндерін мәлімдеді.
Кәсіпкер, Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп Integra Construction KZ компаниясы қаза тапқан әр әскери қызметшінің отбасына 25 млн теңгеден беретінін хабарлады.
Оның айтуынша, қаржылай көмек мемлекеттік қолдауға қосымша ретінде әр отбасыға жеке тәртіппен көрсетіледі.
«Қайтыс болған баланы ешқандай ақша қайтара алмайды. Алайда мұндай сәтте бірде-бір отбасы қайғысымен жалғыз қалмауы керек», – деп жазды Шахмұрат Мүтәліп.
Ал Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті Гаджи Гаджиев қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 100 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсету туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
Ол бұл шешімді Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі және спорт қауымдастығының өкілі ретінде қабылдағанын айтты.
Екі қоғам қайраткері де қаза болған әскери қызметшілердің туған-туыстары мен әріптестеріне көңіл айтты.
Еске сала кетейік, 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілерді теңіз суы алып кеткен.
Үкіметтік комиссияның нақтыланған мәліметіне сәйкес, теңізге 17 әскери қызметші кеткен. Оның 12-сі қаза тапты, үшеуі құтқарылды. Тағы екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, мән-жайды анықтау үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.