Қазақстан мен Түрікменстан шекаралас өңірлердегі бірлескен жобаларды дамытуға мүдделі

Қар. 20, 2026, 6:33 Т.Қ.

Түрікменстанның Аваза қаласында Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай мен Түрікменстан Меджлисінің төрағасы Дуньягозель Гулманова парламентаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Фото: Құрылтай

Кездесу ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің 61-пленарлық отырысы қарсаңында өтті.

Айбек Дәдебай түрікмен әріптестеріне қонақжайлылығы үшін алғыс айтып, Түрікменстан Меджлисін ТМД Парламентаралық Ассамблеясында бақылаушы мәртебесін алуымен құттықтады. Ол ұлттық парламенттің мұндай мәртебені алғаш рет иеленіп отырғанын атап өтті.

Сондай-ақ Құрылтай төрағасы Түрікменстанның 2026 жылы ТМД-ға төрағалық етуші ел ретінде БҰҰ мен ТМД арасындағы байланысты нығайту бастамасын жоғары бағалап, БҰҰ-ның тиісті қарарының қабылдануымен құттықтады.

Айбек Дәдебай қазақстандықтардың бауырлас түрікмен халқына ыстық ықыласпен қарайтынын айтып, Президент Сердар Бердімұхамедовтің басшылығымен стратегиялық бағыттарды жүзеге асырып жатқан Түрікменстанға табыс тіледі.

Екіжақты қарым-қатынастарға тоқталған Құрылтай төрағасы Түрікменстанды Қазақстанмен ғасырлар бойы достық пен тату көршілік байланыстыратын стратегиялық серіктес әрі жақын ел деп атады.

– Мемлекеттеріміздің басшылары қазақ-түрікмен ынтымақтастығын нығайтуға зор күш салуда. Бірлескен күн тәртібі энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, транзит және көлік, білім мен мәдениет салаларын қамтып, дәйекті түрде кеңейіп келеді. Екі ел парламентшілерінің міндеті – жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзіне асыруға ықпал ету, – деп атап өтті Айбек Дәдебай.

Кездесу барысында Құрылтай төрағасы әріптесіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларының негізгі кезеңдерінің бірі – бір палаталы Құрылтайға көшу туралы айтып берді.

Оның айтуынша, жаңа Құрылтай заңнамалық процесті жеделдетіп, мемлекеттік басқаруды ашық әрі ұтымды етуге тиіс.

Құрылтай құрамына бес партиядан 145 депутат сайланған. Олардың 49-ы – әйелдер. Қазіргі уақытта Құрылтайда Түрікменстан Меджлисімен ынтымақтастық жөніндегі топ құрылған.

Өз кезегінде Дуньягозель Гулманова қазақстандық әріптестерін Құрылтайдың құрылуымен және саяси реформалардың табысты жүзеге асуымен құттықтап, Қазақстанның одан әрі өркендеуіне тілектестігін білдірді.

Түрікменстан Меджлисінің төрағасы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ парламентаралық байланыстарда гендерлік өкілдікті нығайтуға ерекше назар аударды.

Тараптар өңіраралық өзара іс-қимылды дамыту мәселелерін де талқылады.

Айбек Дәдебайдың пікірінше, шекаралас өңірлер арасындағы тұрақты байланыстар тікелей іскерлік қатынастар орнатуға және сауда, логистика, мәдениет салаларында жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

Екі елдің парламенттері мұндай бастамаларға қолдау көрсете алады.

Теги: