Қазақстандағы құмар ойындарға қарсы күрес қалай жүргізілуде?
Қазіргі таңда қоғамдағы құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу тақырыбы әртүрлі мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың назарын және жүйелі көзқарасын талап ететін маңызды мәселелердің бірі. Құмар ойындарға тәуелділік – жалпы адамдардың денсаулығы мен өмір сүру сапасы үшін залал келтіретін, сондай-ақ жалпы қоғамға зиянын тигізетін ауыр медициналық, әлеуметтік және психологиялық құбылыс. Құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу үшін түрлі шаралар мен тиісті заң жобалары, күрес шаралары жүзеге асырылуы керек. Себебі бұл тұтастай қоғамның дамуына тосқауыл болатын факторлардың бірі.
Құмар ойындарға тәуелділікпен сәтті күресу үшін халықты проблема туралы ақпараттандыру бойынша ауқымды жұмыстар әрбір өңірде жүргізілуі қажет. Бұған адамдардың құмар ойындармен байланысты тәуекелдер мен оның алдын алу әдістері туралы хабардарлығын арттыруға бағытталған білім беру науқандарын өткізу, жоғары оқу орындарындағы дәрістер мен семинарлар да талқылаулар жүргізілуі керек. Себебі қарапайым ойынға тәуелді жастардың құмар ойындардың соңынан ілесіп кетуі ықтимал. Ойынға деген алғашқы қызығушылықтың салдары өте үлкен мәселеге айналатынын кейбір жастар білмей, сан соғып жатады. Әрине бұған ойынды онлайн қолжетімді түрде ойнау себеп болады. Сондықтан, құмар ойындарға тәуелділіктің салдары мен оны жеңу жолдары туралы ақпараттандыру өте маңызды.
Құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алудың тағы бір маңызды тұсы – құмар ойындарға қолжетімділікті шектеуге және халықты, әсіресе халықтың осал топтарын, соның ішінде кәмелетке толмағандар мен психикалық ауытқулары бар адамдарды қорғауға бағытталған қатаң заңдар мен ережелерді әзірлеу және енгізу. Сонымен қатар, ойын бизнесінің жаңа клиенттерді заңсыз тартуына және тұтынушыларды алдауына жол бермеу үшін ойын бизнесінің қызметіне, оның ішінде ойын жарнамасына бақылауды күшейту қажет.
Алдын алу шараларымен қатар, ойынға тәуелділіктен зардап шегетін адамдарға көмек пен қолдау көрсету жүйесін де әзірлеу қажет. Бұған мамандандырылған орталықтар мен қолдау топтарын құру, кеңес беру және психологиялық көмек көрсету, сондай-ақ құмар ойындарға тәуелділікпен бетпе-бет келген адамдар үшін оңалту және әлеуметтік реинтеграция бағдарламаларын әзірлеу кіреді.
Сондай-ақ құмар ойындарды қамтымайтын ойын-сауық пен бос уақыттарын дұрыс өткізуді насихаттау маңызды. Бұл спорттық іс-шаралар, шығармашылық іс-шаралар, білім беру курстары және тәуелділікті дамыту қаупінсіз жеке тұлғаның дамуына және өзін-өзі жүзеге асыруына ықпал ететін басқа да іс-шаралар болмақ.
Қазақстанға құмар ойын қалай келді?
Қазақстанда құмар ойынының ену тарихы сонау ертеден басталады. 1917 жылға дейін бұл түрдегі ойындар, әсіресе карта ойындары жеке клубтар мен орталықтарға ғана тән болды. Қалта ұрылары мен кәсіби құмар ойыншылардың қатысуымен болған заңсыз ойындар негізінен бақылаусыз қалды. Кеңес Одағының ыдырауымен және 1980 жылдардың аяғында қайта құрудың басталуымен ойын автоматтарының бумы бұрынғы КСРО-ға тарай бастады. Бұл құбылыс Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Алғашқы казинолар 1993 жылы ашылды, ал 2000 жылға қарай елдің ірі қалалары жергілікті тұрғындарды да, туристерді де тартатын ойын мекемелерінің желісіне айналды. Уақыт өте келе Қазақстанда құмар ойындарды реттейтін және құмар ойындарға тәуелділікпен күресетін заңнама қабылданды. Заңның 15-бабына сәйкес, жиырма бір жасқа толмаған тұлғаларға құмар ойындарға қатысуға және бәс тігуге тыйым салынады. Елде құмар ойындарды реттейтін 17 баптан тұратын заң бар. Осы заңнама аясында ойын бизнесінде казино, ойын автоматтары залдары, букмекерлік кеңселер мен лотереялар сияқты бірқатар қызмет түрлері жүзеге асырылады. Ресми ойын мекемелерінен тыс жерде құмар ойындарды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынады, кейбір электронды және интернет қызметтерін қоспағанда, олар да уәкілетті органдардың қатаң бақылауында болады.
Лудоманиямен күресу мақсатында, түрлі профилактикалық шаралар жүргізу қазір өте маңызға ие. Мемлекет басшысы да осыған орай үкіметке тапсырма берді. Тапсырма негізінде тиісті стандарттар әзірленді. Атап айтқанда:
біріншіден, бұл букмекерлік кеңселерді, лотереяларды және онлайн-казиноларды жарнамалауға тыйым салу. Екіншіден, құмар ойындарға қатысу үшін рұқсат етілген жасты 25 жасқа дейін ұлғайту. Сонымен қатар, борышкерлердің, алимент төлемейтіндердің және банктік қарыздар бойынша мерзімі өткен берешегі бар тұлғалардың бірыңғай тізіліміне енгізілгендерге құмар ойын ойнауға тыйым салынбақ.
Аталған шаралардың жүзеге асуы мәселенің ауқымдылық деңгейін азайтуға үлес қосады. Сондай тиімді шешімдердің бірі ретінде Қазақстанда электронды лездік лотереяларды сататын дүңгіршектердің жұмысын тоқтату туралы шешім, қоғамның айтарлықтай назарын аударды. Нақтыласақ, министрлік республика бойынша Lotomatic терминалдарының жұмысы мен дүңгіршектер арқылы электронды лездік лотереяны таратуды тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл шешім азаматтардан да, мемлекеттік органдардан да келіп түсетін сигналдарға жауап ретінде қабылданды. Жалпы бұл шешім тұтынушылардың мүдделерін қорғауға және лотерея билеттерін сатуға байланысты ықтимал алаяқтық схемалардың алдын алуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Министрлік кез келген жағдайда азаматтарды қырағы болуға шақырып, заң аясында әрекет етіп, лотереяға қатысу үшін тек ресми арналарды пайдалану қажеттігін үндеді. Сонымен бірге, министрлік «Сәтті жұлдыз» АҚ отандық лоторея операторының жұмысын дамытуға жұмыстар жүргізілетінін атап өтті. Бұл шешім лотерея операторларының жұмыс сапасын жақсартуға және жалпы лотерея саласына халықтың сенімін арттыруға көмектесуі тиіс.
Бұл келеңсіз үрдіс ұлттық ауқымдағы күрделі мәселе. Көптеген адамдар соңғы жинаған ақшаларын құмар ойындар арқылы қатерге тігеді. Бұл мәселемен күресу үшін елімізде букмекерлік кеңселерді БАҚ-та жарнамалауға тыйым салатын заңнамаға түзетулер қабылдау жоспарлануда. Тілші Әнуар Әбдірахманов атап өткендей, Қазақстанның көптеген қалаларында орталық көшелер букмекерлік кеңселердің жарнамасына толып кеткен, бұл парламентарийлерді қатты алаңдатып отыр.
Ресми деректерге сүйенсек, өткен жылдың өзінде ойынға тәуелділіктен зардап шеккендердің саны 300 мыңнан асқан. Алайда, Мәжіліс депутаты Руслан Берденов «нақты сандар одан да көп болуы мүмкін» дейді. Букмекерлік компаниялардың өкілдері мәселенің бар екенін жоққа шығармайды. Олар ойынның жауапкершілігі әрбір азаматтың өз мойнында екенін атап көрсетеді.
Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі тәуелділіктен зардап шегетін адамдарға көмек көрсету желісінде қолданыстағы есеп жүйесіне өзгерістер енгізу жоспарда барын айтты. Мұндай өзгерістердің мақсаты – құпиялылық талаптарын сақтай отырып, консультациялар, ақпараттық қолдау және психотерапия көрсету. Тіркеу тек медициналық мекемелердің ішкі ақпараттық жүйелерінде жүзеге асырылмақ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құмар ойындарға тәуелділікті психикалық ауру деп санайды. 2018 жылы ол тиісті тізімге енгізіліп, арнайы код – F63.0 тағайындалды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, ойынға тәуелділік адамның жеке және отбасылық өмірінде елеулі проблемаларға әкеліп соғады, оның қоғамдағы жағдайын өзгертеді, мектепте немесе жұмыста қиындықтарға әкеледі. АҚШ-тың құмар ойындар проблемалары ұлттық қауымдастығының мәліметі бойынша, планетаның кез келген тұрғыны 48% ықтималдықпен құмар ойынға тәуелді бола алады. Ал оның қылмыскерге айналу ықтималдығы небәрі 6%-ға бағаланады.
Осылайша, қоғамда құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу ақпараттық науқандарды, заңнамалық шараларды, зардап шеккендерге қолдау көрсетуді және салауатты баламаларды құруды қамтитын кешенді тәсілді талап етеді. Мемлекеттің, қоғамдық ұйымдардың, азаматтардың бірлескен күш-жігерінің арқасында ғана біз бұл күрделі мәселенің таралуын азайтып, адамдардың өмір сүру сапасын жақсарта аламыз.