Қазақстандық онкологтар сүт безін қалпына келтірудің жаңа технологиясын енгізді

Қар. 19, 2026, 6:36 Т.Қ.

Қазақстандық онкологтар отандық биоматериалды пайдалану арқылы сүт безін қалпына келтірудің жаңа технологиясын енгізді. Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығында бір жарым жыл ішінде 120-дан астам пациентке реконструкциялық операция жасалды.

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Ұлттық ғылыми онкология орталығының мәліметінше, сүт безін реконструкциялаудың жаңа әдісін қолдану бағдарламасы аяқталды. Оның аясында хирургтер қатерлі ісікті алып тастаумен қатар, пациенттердің сүт безін бір операция барысында қалпына келтірген.

2026 жылғы шілдеде операция кезінде қолданылатын отандық биоматериал медициналық бұйым ретінде мемлекеттік тіркеуден өтті. Бұл оны ғылыми жоба шеңберінен тыс клиникалық тәжірибеде пайдалануға мүмкіндік береді.

Сүт безі обыры Қазақстандағы әйелдер арасында ең көп таралған онкологиялық ауру болып отыр. 2025 жылы елімізде осы дерттің 5 743 жаңа жағдайы тіркелген.

Ұлттық скрининг бағдарламасының нәтижесінде ауру ерте кезеңдерде жиі анықтала бастаған. Сонымен қатар өлімнің стандартталған көрсеткіші 100 мың әйелге шаққанда 16,6-дан 10,2 жағдайға дейін төмендеген.

Дәрігерлердің айтуынша, бүгінде онкологиялық емнің негізгі міндеттерінің бірі – ауруды бақылауда ұстаумен қатар, пациенттердің өмір сапасын сақтау.

Осы мақсатта бір мезгілдік реконструкция әдісі қолданылады. Яғни қатерлі ісік алынып, сол операция кезінде имплант көмегімен сүт безінің пішіні қалпына келтіріледі.

– Әйел адам үшін емнің қаншалықты сәтті өткені ғана емес, операциядан кейін өзін қалай сезінетіні де маңызды. Бір мезгілде реконструкция жасау ісікті алып тастау мен сүт безін қалпына келтіруді бір хирургиялық араласу аясында орындауға мүмкіндік береді. Бұл – пациентке көрсетілетін кешенді көмектің маңызды бөлігі, – деді ҰҒОО тері және жұмсақ тіндер ісіктері, реконструктивті хирургия секторының аға ординаторы Бауыржан Әнапия.

Әлемдік тәжірибеде имплантты сенімді бекіту және тіндерге қажетті қолдау көрсету үшін арнайы торлар мен биологиялық матрицалар пайдаланылады. Алайда олардың импорттық түрлері қымбатқа түседі.

Операциялардың қолжетімділігін арттыру үшін ҰҒОО мамандары қазақстандық X-Matrix компаниясы өндіретін X-Graft отандық коллагенді матриксін қолдануды қолға алған.

Бұл – жануар текті ацеллюлярлы ксеногендік биоматериал. Бұған дейін ол негізінен күйік пен жараларды емдеуде пайдаланылған.

Ал сүт безін қалпына келтіру операцияларында қолдану үшін мамандар Қазақстан Республикасының №11199 пайдалы модель патентімен қорғалған арнайы әдістеме әзірлеген.

– Біздің мақсатымыз импорттық материалды отандық өніммен жай ғана алмастыру емес еді. Оны нақты хирургиялық міндетке бейімдеу, яғни имплантқа қажетті тірек қалыптастырып, тіндердің қалпына келуіне жағдай жасау қажет болды. Осы мақсатта оны қолданудың өзіндік әдістемесін әзірлеп, тәжірибеге енгіздік, – деді хирург.

Бағдарлама аясында отандық матриксті пайдалану арқылы 120-дан астам бір мезгілдік реконструкциялық операция сәтті жасалған. Олардың нәтижелері халықаралық тәжірибемен салыстырылған.

Медициналық бұйымның 2026 жылғы шілдеде ресми тіркеу куәлігін алуы жаңа технологияны еліміздің басқа медициналық ұйымдарында қолдануға мүмкіндік береді.

– Біз маңызды кезеңнен өттік: отандық матрикс мемлекеттік тіркеуден өтті және енді клиникалық тәжірибеде қолданыла алады. Алайда жұмысымыз мұнымен аяқталмайды. Алдағы уақытта пациенттерді бақылауды жалғастырып, ұзақ мерзімді нәтижелер мен технологияның экономикалық тиімділігін бағалауымыз қажет. Болашақта мұндай реконструкциялық операциялар Астана қаласында ғана емес, Қазақстанның өзге өңірлеріндегі әйелдерге де қолжетімді болғанын қалаймыз, – деп атап өтті Бауыржан Әнапия.

Теги: