Елімізде ана өлімі 32%-ға төмендеді

13 Қараша 2026

Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы 10 айында ана өлімінің көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32%-ға азайды.

UMC Ана мен бала орталығы
Фото: UMC Ана мен бала орталығы

Бұл нәтижеге ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесін жетілдіру, ауруларды ерте анықтау және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытындағы шаралар ықпал етті.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, елімізде репродуктивтік жастағы әйелдердің денсаулығын бақылауға арналған «Аналар саулығы» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Оның негізгі мақсаты – қауіп факторларын ерте анықтау, әйелдерді уақтылы тексеруден өткізу және ықтимал асқынулардың алдын алу.

Бағдарлама аясында бала туу жасындағы әйелдер салауатты жүктілікке дайындалу үшін өз емханасында медициналық тексерудің 12 түрінен өте алады.

Сонымен қатар 37 емхана мен 23 перинаталдық орталықта әйелдер консультацияларының жұмысы қайта жанданды. Олардың қызметімен 1 миллионнан астам әйел қамтылды.

-Жүктіліктің 10 аптасына дейін медициналық есепке тұрған әйелдердің үлесі 18 пайыздық тармаққа артып, 71%-ға жетті. Ұрықтың туа біткен даму ақауларын ерте анықтау үшін барлық өңірдегі перинаталдық орталықтардың жанынан 19 «Бір күндік клиника» ашылды. Қазір 100 мыңнан астам жүкті әйел диагностикалық тексеруден өтті. Пренаталдық скринингпен қамту деңгейі 8%-ға артты,-делінген хабарламада.

Сондай-ақ онда нәресте дүниеге келгеннен кейін де медициналық бақылау жалғасатыны айтылған.

Бұл кезеңде патронаж, профилактикалық тексерулер, вакцинация және баланың денсаулығын тұрақты бақылау шаралары жүргізіледі.

Тегтер: