Қазақстандық педагогтер Минскіде халықаралық марапаттарға ие болды
Сонымен қатар қазақстандық педагогтер IV Халықаралық педагогикалық шеберлік фестивалінде екі бірінші және бір екінші орынды иеленді.
Минск қаласында өткен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мұғалімдері мен білім беру қызметкерлерінің IX съезінде Қазақстан делегациясының үш мүшесі «ТМД білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Төсбелгі иегерлері қатарында Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас ғылыми қызметкері Жаубай Қараев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова және Шымкент қаласындағы А.С. Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназияның биология пәні мұғалімі Алина Соловьёва бар.
Съезге жеті мемлекеттің өкілдері қатысты. Қатысушылар білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту, педагогтердің кәсіби ұтқырлығын арттыру, инновацияларды енгізу және тиімді педагогикалық тәжірибелерді тарату мәселелерін талқылады.
Беларусьтің Ұлттық білім академиясында ұйымдастырылған фестивальдің бетпе-бет кезеңінде қатысушылар шеберлік сабақтарын өткізіп, кәсіби тәжірибелерімен бөлісті.
Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы №1 мектеп-лицейінің педагогі Бауыржан Базарбаев бірінші орынды иеленіп, І дәрежелі дипломмен марапатталды.
«Тәрбиеші» номинациясында Ақтөбе облысының өкілі Индира Назарова бірінші орынға ие болды.
«Психолог / әлеуметтік педагог» номинациясында Павлодар облысының өкілі Римма Абигузина екінші орынды иеленді.