Қазақстанның жүк тасымалдайтын алғашқы Airbus ұшағы қарашада жеткізіледі
Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік вице-министрі Талғат Ластаев баяндады.
Қазақстанның ұлттық жүк тасымалдаушысы әуе флотын Airbus A340 ұшақтарымен толықтырмақ. Алғашқы әуе кемесі биыл қарашада, екіншісі келер жылдың наурыз айында жеткізіледі.
Оның айтуынша, «Эйр Карго» компаниясы әуе кемелерін жеткізу жөнінде келісімшартқа қол қойған.
– Биыл қараша айында алғашқы Airbus A340 әуе кемесінің келуі күтілуде. Екінші әуе кемесін жеткізу келесі жылдың наурыз айына жоспарланған. Нәтижесінде әуе кемелерінің жалпы саны 10-ға жетеді, – деді Көлік вице-министрі.
Кеше өз Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Air Cargo» жеке компаниясына үлкен үміт артылғанын айтқан еді.
– Оның қаржылық мүмкіндігі мол, соның ішінде шетелдің жетекші мамандарының еңбекақысын төлеуге де қауқарлы. Сондай-ақ компания дербес шешім қабылдай алады. Бірақ әлі күнге дейін нақты шешім де, нәтиже де жоқ. Сіздерге сенім арттық. Енді нақты нәтиже күтеміз, – деді Президент.