Мәслихат сайлауы: Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне барлық жағдай жасалған
Қазақстанда мәслихат депутаттарының сайлауында мүгедектігі бар азаматтардың кедергісіз дауыс беруі үшін арнайы жағдай жасалды.
Еліміздегі 8 672 нысанда орналасқан 9 780 сайлау учаскесінің барлығы сайлаушылардың жеке қажеттіліктері ескеріле отырып жабдықталған.
Сайлау учаскелерінде пандустар, сүйеніш тұтқалар мен тактильді көрсеткіштер орнатылған. Дауыс беру кабиналары мүгедектер арбасын пайдаланатын азаматтарға бейімделген. Көру қабілеті бұзылған сайлаушылар үшін үлкейткіш әйнектер, қосымша жарықтандыру құралдары және Брайль қарпімен жазылған ақпарат қарастырылған.
Азаматтар сайлау учаскелерінің жабдықталу деңгейімен inva.gov.kz порталындағы «Қолжетімділіктің интерактивті картасы» арқылы таныса алады.
Сондай-ақ дауыс беру күні республика бойынша 1,3 мыңнан астам көлікті қамтитын «Инватакси» қызметі жұмыс істейді. Көлік саны бойынша Алматы қаласы (170), Атырау (145) және Ақмола (141) облыстары, Астана қаласы (135), Қарағанды (126) және Түркістан (114) облыстары көш бастап тұр.
Елордада пилоттық жоба аясында сапарлардың бір бөлігі Yandex Go агрегаторы арқылы ұйымдастырылған. Алматы қаласы мен Қызылорда облысында қосымша кезекші көліктер қарастырылған.
Есту қабілеті бұзылған азаматтарға сурдоаудармашылар мен ымдау тілі мамандары қызмет көрсетеді. Қарағанды облысында 72, Шымкентте 65, Астанада 57 маман жұмылдырылған. Елордада сурдоаударма қызметінің онлайн-диспетчерлік орталығы тәулік бойы тегін жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, Астанадағы сайлау учаскелерінде 800 волонтер азаматтарға көмек көрсетеді. Қостанай қаласындағы №21 сайлау учаскесінде есту және көру қабілеті бұзылған сайлаушыларға арналған арнайы жабдықтар, соның ішінде портативті бейнеүлкейткіш орнатылған.
Денсаулық жағдайына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтарға үйінде дауыс беру мүмкіндігі де қарастырылған. Ол үшін дауыс беру күні сағат 12:00-ге дейін учаскелік сайлау комиссиясына жазбаша өтініш беру қажет болды.
Сайлау процесінің барлық азамат үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету шаралары Министрлік пен Орталық сайлау комиссиясының 2025-2027 жылдарға арналған жол картасы аясында жүзеге асырылуда.