Астанада WADA Құрылтайшылар кеңесінің отырысы өтті

26 Қараша 2026

Астанада Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) Құрылтайшылар кеңесінің отырысы өтті.

https://t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi
Фото: из открытых источников

Халықаралық жиынға WADA президенті Витольд Банька, агенттіктің бас директоры Оливер Неггли, ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Халықаралық Олимпиада комитеті мен Халықаралық Паралимпиада комитетінің, ұлттық допингке қарсы ұйымдардың басшылары және 50-ден астам елдің өкілдері қатысты.

Отырыстың күн тәртібіне Дүниежүзілік допингке қарсы кодексті іске асыру, таза спортты қорғау жүйесін жетілдіру, допингке қарсы білім беру мен ғылыми бағдарламаларды дамыту, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері енгізілді.

Жиында сөз сөйлеген Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қазақстан үшін WADA басқарушы органдарының отырыстарын өткізу зор мәртебе екенін атап өтіп, еліміздің таза спорт қағидаттарын берік ұстанатынын жеткізді.

«Қазақстан үшін таза спорт – ең алдымен әділдік пен тең мүмкіндік. Әр спортшы жеңіске адал еңбегімен жетуі керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттарын дәйекті түрде ілгерілетіп келеді. Олардың негізінде әділдік, жауапкершілік және заңды құрметтеу жатыр. Спортта да осы талаптар сақталуы тиіс», – деді Ербол Мырзабосынов.

Министр елімізде ұлттық допингке қарсы жүйені нығайтуға, халықаралық талаптарды енгізуге, сондай-ақ жас спортшылар арасында допингке қарсы мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

«Астанадағы кездесулер осы бағыттағы ортақ жұмысымызға жаңа серпін береді деп сенемін. Біздің ортақ мақсатымыз – спортшылардың құқығын қорғау, баршаға тең жағдай жасау және спортқа деген сенімді сақтау», – деді министр.

Айта кетейік, Қазақстан мен WADA арасындағы ынтымақтастық 2025 жылғы қазанда агенттік президенті Витольд Баньканың елімізге сапарынан кейін жаңа қарқын алды. Сапар барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев WADA президентін Қазақстандағы спортты дамытуға қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Ал биыл Ербол Мырзабосынов пен Витольд Банька өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат допингке қарсы білім беру, құқық бұзушылықтардың алдын алу, ғылыми зерттеулер жүргізу және халықаралық тәжірибе алмасу бағыттарындағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді.

WADA Құрылтайшылар кеңесі – агенттіктің жоғары басқарушы органы. Оның құрамына халықаралық спорт қозғалысы мен мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді. Кеңес допингке қарсы күрес саласындағы жаһандық саясатты қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Тегтер: