Сәбіз көлемі ішкі нарықты қамтамасыз етуге жеткілікті – Серік Жұманғарин

Қаң. 28, 2026, 9:36 Т.Қ.

Сәбіз экспортына тыйым салу мәселесіне қатысты депутаттық сауалға жауап берген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика миистрі Серік Жұманғарин Үкіметтің бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.

Pexels

– Үкімет ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету және баға тұрақтылығын сақтау мақсатында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін жан-жақты қолдауға бағытталған жүйелі шараларды іске асырып келеді, – деді министр.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта фермерлерге минералды тыңайтқыштар, тұқымдар, пестицидтер мен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға субсидиялар беріліп жатыр. Сонымен қатар жеңілдетілген жанар-жағармай, қолжетімді қаржыландыру, суару суын жеткізу шығындарын өтеу және суару жүйелерін кеңейту шаралары қарастырылған.

– Мемлекеттік қолдау шаралары ең алдымен ішкі нарықты отандық өніммен толықтыруға, қазақстандық өндірушілердің экспорттық әлеуетін арттыруға және саланы дамытуға бағытталған, – деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Министрдің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде көкөністердің жалпы жиналымы 3,8 млн тонна болған, оның ішінде сәбіз – 411,9 мың тонна.

– Аталған көлем ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ өнімнің белгілі бір бөлігін экспортқа шығаруға жеткілікті, – деді ол.

Маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыру мақсатында барлық өңірде көкөніс өнімдерін алдын ала келісімшарт арқылы сатып алу жұмыстары аяқталған.

– Қазіргі таңда республика бойынша, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінде, тұрақтандыру қорларында және сауда ұйымдарында 170,3 мың тонна көлемінде сәбіз қоры қалыптастырылды. Бұл көлем 2026 жылғы ерте өнім жиналғанға дейін ішкі нарықты қамтамасыз етуге жеткілікті, – деді министр.

Осыған байланысты Үкімет сәбіз экспортына шектеу енгізуді жоспарлап отырған жоқ.

– Ішкі нарық жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілгендіктен, қазіргі уақытта сәбіз экспортына шектеу енгізу туралы шешім қабылданған жоқ. Өндірушілер өнімдерін сыртқы нарықтарға кедергісіз шығара алады, – деді Серік Жұманғарин.

Оның сөзінше, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету және баға тұрақтылығын сақтау мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауында.

Теги: